Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров елімізде қылмыстарды көбіне қандай санаттағы азаматтар жасайтынын айтты.
«Қылмыс деңгейіне 250-ден астам фактор әсер ететіні ғылыми дәлелденген. Олардың қатарында әлеуметтік, экономикалық, географиялық, көші-қон, табиғи, демографиялық және басқа да жағдайлар бар», - деп мәлім етті Ренат Зұлқайыров
Спикер ұсынған ақпаратқа сәйкес, мына санаттағы қазақстандықтар жиі қылмыс жасайды:
- қылмыскерлердің 80%-ы жұмыссыздар;
- жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың 47%-ын еш жерде жұмыс істемеген немесе оқымағандар жасайды;
- адамның жеке басына қатысты қылмыстардың 50%-ы мас күйде жасалады;
- елордада қылмыстың тең жартысын өзге аймақтардан келгендер жасайды.
Ренат Зұлқайыровтың мәлімдеуінше, бұл мәселелерді тек күш қолдану шараларымен шешу мүмкін емес. Сондықтан «Қоғаммен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы» әзірленіп жатыр.