Бұрын «полиция келе жатыр» десе, зәре құтымыз қашатын. Ештеңе бүлдірмесек те демімізді ішке тартып, тайсалатынбыз. Мысы басатын. Ал қазір ше? Оларды көргенде тік тұрмақ түгілі, пысқырмайтын дәрежеге жеттік. Арамызда «олар түк бітірмейді» деп даттайтындар көбейді. Мүмкін бұл қызметкерлерді біз дұрыс тани алмай жүрген шығармыз? Олардың жұмысы қандай? Күні-түні не істейді? Аружан Задабек учаскелік полицейлердің жұмыс орынына барып көрді.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Елдің тыныштығын сақтайтын бірден-бір маман иесі – учаскелік полицей. Дәл қазір мен Астанадағы Байқоңыр ауданының маңайында жүрмін. Бұл аумақтың тыныштығын кім сақтап жүр? Дәл қазір менің мына жазуға көзім түсіп тұр. Мінекей, Байқоңыр ауданы, учаскелік полиция инспекторы Папышов Асқар екен. Оның жұмысы қандай? Халықтың көңілі тола ма? Ол кісі қалай жұмыс істеп жүр? Осы сұрақтарға қазір бірге жауап іздейміз.
Біз барсақ учаскелік полицейлер жұмысқа кірісуге дайын отыр екен. Жылы қабақпен күтіп алған Асқар Папышов учаскелік пунктің ішін таныстырып, әріптестеріне тапсырманы бөліп берді.
Асқар ПАПЫШОВ, №26 УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ:
Күндік учаскелік инспекторлар әкімшілік аумақта болады. Таңертең осылай бәрін жинаймыз. Учаскелік пунктегі қызметкерлерге сіздердің көздеріңізше арыз-шағымдарды, түнде түскен 102 карточкаларды бөлік беруге қызмет атқарайын деп жатырмын.
– Жақсы, онда біз сіздің жұмысыңызға кедергі жасамайық.
Арыз-шағымның ортасында жүрген маманның әр таңы осылай атады. Халық айтқан түйіткілдерді тарқату үшін таң атқаннан кеш батқанға дейін тік тұрады.
Учаскелік полицей көлікке отыра сала бізге сақ болу керек екенін айтты. Өйткені қызықтың көкесі енді басталады деді.
Бұл жатақханада жиырма адам тұрады. Бірнеше тұрғын түнде ішіп алып, көршілердің мазасын алған. Сосын учаскелік инспекторды шақырыпты.
Тапсырманы орындап, көшеге шықтық. Осы кезде сананы тұнық ой шалды. Біз білетін бұл полицейлер қатал көрінеді. Көлігін көргенде зәре құты қашатындар да жоқ емес. Мұндай мінезді тұлғалар отбасында қандай адам? Арқалаған жүгі ауыр қызметкерлердің жанұяға көңіл бөлетін уақыты бар ма ?
Учаскелік полицейлер жиырма төрт сағат бойы қаққан қазықтай қақшиып тұрмайды. Көше кезіп елдің тыныштығын күзетеді. Тәртіпке бағынбаған талайды тәубасына түсіреді.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Міне, біз көшені аралап жүріп тағы бір оқиғаға тап болдық.
Бұл аумақ тұрғындары араққа салынған қаңғыбастармен күресіп шаршаған. Үнемі үйлерінің алдына келіп, ішімдік ішетін көрінеді.
Асқар КӘРІМБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Ана жерге отырып от жағады, мында отырып от жағады. Бала-шаға көп қой мұнда. Бұларды бір жерге апару керек қой. Болмайды бұлай. Кішкентай балаларға қиын.
Учаскелік инспекторлардың жұмысы оңай емес. Талай тағдырға куә болады, түрлі адамға кезігеді.
Шағым түссе, оқиға орнына бірінші учаскелік инспекторлар келеді. Мәселені қарайды, шешу жолдарын іздейді. Бүгін де тұрғындардың мазасын алған маскүнемдерді ұстады.
Отбасылық жанжалды шешу, көше бұзақыларын жазалау, үйге түскен ұрыны жауапқа тарту, суицидтің алдын алу – осы және басқа да мәселелермен учаскелік полиция қызметкерлері айналысады. Қазір елімізде 7 мыңға жуық сала қызметкері бар.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Міне, құрметті көрермен! Бүгін біз учаскелік полицейлердің жұмысымен таныстық. Расында да барлығы біз ойлағандай жеңіс емес екен. Сізге көп-көп рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз! – Сіздерге де рақмет! Келіп тұрыңыздар, есігіміз ашық. Халық үшін жұмыс істейге тырысамыз. Еңбек етеміз!