Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда ойнап жүрген 7 жастағы бала саусағынан айырылды

  • AstanaTV
  • 28 сәуір 2023
  • 1398

Оралда ойнап жүрген 7 жастағы бала саусағынан айырылды. Зачаган кентіндегі ойын алаңында, сырғанап бара жатқан баланың шынашағы ағаш тақтай мен қаңылтырдың арасында қысылып қалған,-деп хабарлайды Zakon.kz.

Дәрігерлер «оң қолдың бесінші саусағының жарақаттан кейінгі ампутациясы» диагнозын қойды. Қазір ата-ананың арызынан кейін қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Ойын алаңындағы құрал-жабдықтарды осыдан үш жыл бұрын 53 млн теңгеге мердігер салған. Кепілдік мерзімі аяқталған.

"Біздің пайымдауымызша, ол жерде кейбір технологиялық талаптар сақталмаған. Яғни, сырғанақтың сапасыздығы бар. Сосын 53 млн теңгенің 1 млн-ы камера қондыруға кеткен екен. Бірақ ол камера жасамай тұр. Екіншіден, Зачаган әкімдігінің балансына бұл кешен алынғанымен, оны ешкім жөндемейді, ешкім бақыламайды",-дейді Бауыржан Ахметжан, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы

Былтырдан бері қалада дәл осындай 4 оқиға тіркелген. Бір жасөспірімнің желкесіне футбол қақпасы құлап, қаза тапты. Ал әкімдік өкілі ойын, спорт алаңындағы құрал-жабдықтарды тұрғындардың мақсатсыз, тиімсіз пайдаланып, қасақана бұзу-сындыру фактілері көп орын алып отырғанын айтады.

"Сынған, сындырған немесе жарамсыз құрылғыларды қалпына келтіру үшін деффект акті жасалып, соған сәйкес жұмыс жүргізу үшін қаражат сұрастырып, жөндеу жұмысын жүргізіп отырамыз. Ағымдағы жылға осы Мөңкеұлы көшесіндегі балалар ойын алаңындағы құрылғыларды жөндеу жұмысы жоспарланып отыр",-дейді Зачаган кенті әкімінің орынбасары Асылжан Хайруллин.