Русский Сайттың толық нұсқасы

Серік Күдебаевқа үкім шықты

  • AstanaTV
  • 28 сәуір 2023
  • 1129

28 сәуірде Талдықорғанда Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Серік Күдебаевтың қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылғаны 2022 жылдың 13 мамырында белгілі болды. Бас прокуратура Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде "ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қызметтегі әрекетсіздігі" үшін күдікке ілінгенін хабарлады.

Серік Күдебаевтың соты 2023 жылдың басында басталды. Ол 31 қаңтарда қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғаннан не үшін кеткенін айтты.

9 наурызда полицияның экс-басшысы гипертония диагнозымен емдеу мекемесіне жеткізілді. Наурыздың 30-ы күні сырқатына байланысты сот отырысы бірнеше рет кейінге шегерілгендіктен, Серік Күдебаевты сотқа мәжбүрлеп әкелу туралы шешім шығарылды.

Бірақ 3 сәуірде Алматы облыстық ПД бұрынғы басшысы сотқа келмей, оған халықаралық іздеу жарияланған еді. ҰҚК шекара қызметі Серік Күдебаевтың ресми түрде шекарадан өтпегенін мәлімдеді.

Сәуірдің 12-сі күні Бас прокуратура Алматы облысы жол полициясының экс-басшысына қатысты мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Кейінгі мәлімет бойынша, Серік Күдебаев Бішкектен Ыстамбұлға ұшқан.

27 сәуірде Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов Серік Күдебаевтың Түркияда ұсталғанын хабарлады. Кейін әлеуметтік желіде бұрынғы полиция басшысының ұсталған фотосы пайда болды.