Русский Сайттың толық нұсқасы

БҰҰ Сирияға қатысты Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы нәтижесіз аяқталды

  • AstanaTV
  • 26 қыркүйек 2016
  • 2971

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы нәтижесіз аяқталды. Тараптар бір-бірін кезекті рет айыптап тарқасты. БҰҰ-дағы АҚШ өкілі Саманта Пауэр Ресейдің әрекеті айуандық десе, Ресей өкілі Виталий Чуркин батысты террористерді қарумен қамтамасыз отыр деп айыптады. Сондықтан Таяу Шығыстағы 5 жылдық атыс-шабыс әзір бейбіт жолмен реттеледі деген сенім сұйылып барады.

АҚШ, Ұлыбритания және Франция шақырған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын жанжалдан басталды. Бұл елдердің жиынға қатысқан өкілдері БҰҰ Сириядағы тұрақты өкілі Башар әл-Джафари сөйлеген кезде залды тастап шығып кетті. Ал Башар әл-Джафари соғыс қайта басталған Алеппоның жағдайын баяндаған еді. Кеңестің шұғыл жиналуына да осы Алепподағы атыс себеп болды. Алайда сөз алған АҚШ тұрақты өкілі Саманта Пауэр мен Ұлыбритания СІМ де бейбіт адамдардың өміріне кінәлі тарапты ашық атады.

Саманта Пауэр, БҰҰ жанындағы АҚШ тұрақты өкілі:

Соңғы 72 сағатта Ресей мен Асад әуеге 150 бомба жіберді. Кем дегенде 139 адам қаза тауып, жүздеген жан жарақаттанды. Бейбіт өмірді орнатудың орнына Ресей мен Асад соғыс ұйымдастырып отыр. Бейбіт тұрғындарға көмек берудің орнына бұл екеуі гуманитарлық жүктер мен емханаларды бомбалап, жергілікті халыққа көмекке келгендерді де қырып жатыр.

Борис Джонсон, Ұлыбритания сыртқы істер министрі:

Соғыстың созылғанына және күн өткен сайын қауіптің күшейіп бара жатқанына солар кінәлі. БҰҰ жіберген гуманитарлық көмекті атқылау - әскери қылмыс.

Ал Ресей тарапы содырларды қару-жарақпен қамту - қылмыс деген ойын білдірді. Виталий Чуркиннің айтуынша, «Джабхат-Ан Нусры» тобында танкіден бастап жүздеген қару бар. Олар мұнша қаруды өздері шығара алмасы анық, - деді Ресей өкілі.

Виталий Чуркин, БҰҰ Ресейдің тұрақты өкілі:

Сирия аумағында жүздеген қарулы жасақ ойына келгенін істеп жүр. Елдің аймағын ерінбегеннің бәрі бомбалап жатыр. Бейбітшілікті орнату орындалмас тапсырмаға айналып отыр.

Жиынға қатысқандардың ішінен бейбіт өмірден Сирия бойынша БҰҰ елшісі Стаффан де Мистура ғана үмітті сияқты. Ол қызметін тастамай, ісін аяғына дейін жеткізетінін мәлімдеді.

Стаффан де Мистура,  БҰҰ Сирия бойынша арнайы елшісі:

Біз жағдайды әлі де түзете аламыз деген үміттемін. Біз мұны дәлелдедік. Мен кетер болсам, халықаралық қоғамдастық Сириядан кетеді деген сөз. Бірақ БҰҰ Сирияны ешқашан тастамайды.

Ал Сирия оппозициясы бұдан былай келіссөздерге келмейтінін мәлімдеді. Өйткені олардан күдер үзген. Алепподағы соғыстан соң Мәскеу мен Вашингтон арасы қиындап кетті. Сондықтан Сириядағы ахуал әзір реттеледі деген үміт ақталмай тұр.

Естеріңізге сала кетсек, Сириядағы уақытша бітімгерлік 7 күнге ғана жалғасты. Бір аптадан соң Сирия әскери қолбасшылығы бітім уақытының аяқталғанын хабарлады. Өйткені Ресей мен Америка келіссөздерінен соң, АҚШ қателесіп, Сирия әскерінің сарбаздарын атқылап тастады. Ол кезде 62 әскери қаза тапты.

Айгүл ӘДЕПБАЙ