Русский Сайттың толық нұсқасы

Абайлаңыз, ұры!

Астанада қалта қағатындар көп. Жыл басынан бері 80-ге жуық ұсақ ұрлық дерегі тіркелген. Бұл – ресми ақпарат. Ұстатпай, қашып жүргені қанша?! Негізі қылмыскерлер оңай олжаны адамдар көп шоғырланған жерден іздейді. Барынан айрылып, көшеде зар қаққан жанға жұрт қалай қарайды, ал ұрлықшымен бетпе-бет келсе қандай күйге түседі? Әріптесім Аружан Задабек базарлар мен аялдамаларға барып, эксперимент жүргізді.

Алдымен адам көп жүретін орынды таңдадым. Сөйтіп, жанымдағы «серігім» әмиянымды ұрлады деп, көпшіліктен көмек сұрадым.

- Мына қыз менің портмонемді ұрлап алды. Енді маған куәлік керек. Сумкасын аш десем, ашпайды.

- Ашпаймын.

- Аша салшы.

- Әп-әдемі қазақтың қыздарысыңдар, ұят қой. Біреу соткаға түсіріп, интернетке лақтырады, ұятқа қаласыңдар.

Қызық енді басталды. Шу болып жатқанын естіп, жиналған халық мені сабырға шақырып әлек. Жас қыздың обалына қалмай, кешірім беруді өтінгендер де болды.

- Полиция керек емес.

- Қалай шақырмаймын? Мойындамады ғой.

- Кешіре сал, қайтесің? Өзіне қиын болады. Кешіре салшы. Өмір ғой. Кешірім сұрай сал. Қойыңдар ұят болады.

Оқиға одан әрі шиелінісе түсті. Дер кезінде тоқтатайық деп, мұның жәй ғана эксперимент екенін айттым.

- Тым жақсы қазақтың қызы күткен жоқпын олай.

- Туыстары естісе ұры деген аты өмір бойы қалмайды ғой. – Аядыңыз ғой? – Иә, қателік жасамайтын кісі жоқ қой.

Әрі қарай жалғастырайық. Келесі көздегеніміз - екі қыз.

- Ұрлағаның рас қой.

- Камераны ашып көре салсаңдаршы.

- Сумканы аша салшы.

Тұрғындар көмек қолын созуға тырысты. Әмиянымды жоғалттым деген мені демеді, «ұрлықшы» атанған аруды жұбатты.

- Мен ойладым бәрін көріп алғаннан кейін полиция не керегі бар? Бәрі түгел болса ештеңе болмай-ақ қойсын деп. – Аядыңыз ғой? – Иә, өйткені әп-әдемі қыз түріне қарасаң. Ұрлайтын қызға ұқсамайды.

- Неге аша салмайды ұрламаған болса деген ой болды. Қорқып кеттім ғой, келіп ұрсып жатсыздар.

Қызық мұнымен бітпеді. Балмұздақ сатып отырған келіншек біздің ұрысымызды естіп, көмектесуге келді.

- Жоқ болса аша салсайшы, болды ғой. Қазір полиция келеді, проблема болады. Қайтесің оны? Аша сал просто. Жоқ болса жоқ дейсің, бар болса бар. Мәә, ужас. Неге олай істедің. Ұят қой енді. Менің өзімінің жүрегім дірілдеп кетті ғой.

- Шақырайын ба полиция?

- Жоқ, керек емес. Просто кешірім сұрай сал, болды. Екінші олай істеме.

Бұл келіншектің эмоциясы бізді таңқалдырды. Кішкентай қыздың ұрлық жасағанына жүрегі ауырып, көзіне жас алды.

- Менің жүрегім ауырып кетті. Аяқ-қолым дірілдеп кетті ғой. Ужас, ана қызға жаным ашып кетті. Жылағым келіп кетті. Обал ғой. Қаншама жастар осындайдан сабақ алсын деймін да.

- Рақмет, сізге. Міне, эмоция!

Әрі қарай тұрғындардың эмоциясын басқа қырынан байқағымыз келді. Сөйтіп, көшеде кезіккен кез-келген адамның қалтасына қол сұқтым.

Көбі мән бермеді. Тіпті, «ұрлықшы» деп сескенген жоқ. Таңданып қалғаным рас. Себебін сұрап едім, мына жігіттің «маған бәрібір» деген жауабы таңқалдырды.

- Просто настроение болмады. Сол үшін без разница болды ғой.

- Ұрласа да, ұрламаса да бәрібір болды ма?

- Жоқ, енді білдім ғой ештеңе жоқ екенін.

Ұрлық – адамдыққа жатпайтын арам тірлік. Қазір біреудің адал еңбегімен тапқан ақшасын ұрлап, оны «кәсібіне» айналдыратындар көбейді.

Нұралы ТӘҢІРБЕРГЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Астана қаласының аумағында жыл басынан бері 72 қалта ұрлығы тіркелді. Мұндай ұрлық түрлері адамдар көп жүретін қоғамдық орындарда, қоғамдық көліктерде орын алады. Ұрлыққа, шамамен, 30-35 жастағы адамдар барады.

Қазір қоғамдық орындарда «Абайлаңыз, ұры!» деген сақтандыру тақталары ілініп тұрады. Суретіне қарасаң, қатарында жасы да, жасамысы да, әйелі де, еркегі де бар. Түріне қарап, алаяқ деп мүлдем ойламайсың. Сондықтан полицейлер әр қадамға сақ болу керегін айтады.