Биыл әскери ұшқыштардың жалақысы орташа алғанда 60 пайызға өседі. Осы салада еңбек ететін оқытушылар мен дәрігерлер айлығы артады. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеуден уақытша босатылады. Әскери техникалар жаңартылып, күштік құрылым нығая түспек. Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілармиялық кеңесте осындай бастамалар көтерді. Жиынға әріптесім Бекболат Сатуов қатысты.
Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:
Қарулы күштеріміз мемлекетіміздің мызғымас тірегі. Сондықтанда қуатты армия құру барысында жан-жақты кәсіби дамуы маңызды. Жау жоқ деме жар астында деген президент күштік құрылымдарға қатысты бірқатар тапсырма берді. Киімнен бастап өзгереді. Енді сарбаздар шеніне қарамастан біркелкі киім үлгісіне көшеді. Тапсырмаларды орындауға ыңғайлы.
Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:
Бұл киім үлгісін Қорғаныс министрінен бастап қатардағы жауынгерге дейін киеді. Жеке құрамға, басшылық құрамға жеке киім тігуге болмайды. Барлығы біркелкі болады. Киім үлгісі тапсырмаларды орындауға ыңғайлы болуы тиіс. Жеткізуші мемлекеттік сатып алу процестері аяқталғаннан кейін анықталады
Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:
Дамыған ел болып, даңғыл жолға түсу басты мақсат. Бірақ алдымен бейбітшілік және тыныштық керек. Қарулы Күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс. Қазақстан барлық елдермен достық қатынас орнатқан. Президент те ұстанымыздың айқын екенін айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ ЖОҒАРҒЫ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:
«Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар. Қазіргі күрделі кезеңде армияның рөлі күшейе түсті. Армия егемендігімізді қорғауға әрдайым дайын болу қажет. Оның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуы басты факторға айналды.
Әскердің әлеуетті, күші қуатты болуы маңызды. Сонда ғана міндетін мүлтіксіз атқара алады. Қандайда болмасын қауіпке қалқан болып, тойтарыс береді. Ол үшін күштік құрылым жаңа талапқа сай болуы тиіс.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ ЖОҒАРҒЫ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:
Қазір Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды. Сондай-ақ десанттық-шабуылдаушы әскердің қарым-қабілетін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Аумақтық қорғаныстың әлеуеті күшейтілуде. Азаматтық қорғаныс бөлімшелері құрылып жатыр. Арнайы жасақ бөлімдерін дамыту ісі тың қарқынмен жалғасуда. Осы жұмыстың бәрін уақтылы аяқтау керек. Олар біртіндеп қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуге тиіс.
«Әскери білім және ғылым жүйесін дамыту – аса маңызды міндет». Әскери академиялар, институттар әлемдік стандарттарға сай болуға тиіс. Жоғарғы қол басшысы осы саладағы жоғары оқу орындарының материалдық базасын нығайту керектігіне тоқталды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ ЖОҒАРҒЫ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:
Әскери мамандар даярлау үшін басқа да жоғары оқу орындарының мүмкіндігін кеңінен пайдаланған жөн. Ректорлар студенттердің жауынгерлік дайындығына тікелей жауапты болуға тиіс. Әскери қауіпсіздік мәселесі ғылыми тұжырымға сүйенуі керек. Яғни, ғылыми-зерттеу жұмысына басымдық беру қажет.
Алдымызда армияны өзгертудің күрделі міндеті тұр. Осылай деген Мемлекет басшысы бұрын болмаған жаңа гарнизондар, әскери қалашықтар мен заставалар салып жатырмыз, деді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ ЖОҒАРҒЫ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:
Қауіпті оқ-дәрі сақтайтын қоймалар елді мекендерден көшіріледі. Бұл үлкен жұмыстың бар жауапкершілігін тек күш құрылымдарына арту дұрыс емес. Үкімет пен әкімдіктер әскери инфрақұрылымды дамытуға белсенді түрде жәрдемдесу керек.
Мемлекет басшысы әскери қызметте «әлеуметтік лифттің» болуы маңызды екенін атап өтті. Сол арқылы жастардың қоғамнан өз орнын табуға мүмкіндік берілмек. Тіпті мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ ЖОҒАРҒЫ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:
Өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шығады. Жалпы, сарбаздарды әлеуметтік қолдау шараларын мейлінше көбейту қажет. Әскерде жүрген жастарымыз нағыз сарбаз, нағыз маман болып шығуы – міндет. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскери қызметшілерге жақсы жалақы төленуі керек. Үкімет Күштік құрылымдарға еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшкен кезде осыны ескеруге тиіс.
Мемлекет басшысы ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар әскери қызметшіні марапаттады.
«Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді, өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады». Президент Бауыржан Момышұлының қанатты сөзін мысал етіп, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеудің маңызды, деді.