Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада әлем чемпиондары елдің тыныштығын қорғап жүр

Қызылордада әлем чемпиондары елдің тыныштығын қорғап жүр. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері бір емес, спорттың бірнеше түрін меңгерген. Арнайы жаттығуларда шыңдалып, тәжірибелерін ел тыныштығы жолында қолдануда.

Асқар Қоңқабаевтың ішкі істер органдарында қызмет еткеніне 15 жыл болған. Оның атасы мен әкесі де осы салада табан аудармай еңбек еткен. Үлкендер салған сара жолмен жүріп келеді. Судан тонын, жаудан жанын аямайды. 20 жылдан бері спортты серік еткен ол әлемдік додаларда аймақ намысын қорғап жүр. Ережесіз жекпе жек, қоян-қолтық ұрыс және бокс өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналған.

Асқар ҚОҢҚАБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЫЛДАМ ҚИМЫЛДАЙТЫН АРНАЙЫ ЖАСАҒЫНЫҢ ВЗВОД КОМАНДИРІ:

Құқық қорғау органдары арасындағы жарыстарға қатысып, ҚР чемпионаттарында бірнеше дүркін жеңімпазы болдым. Әлем, Азия чемпионаттарында жеңімпаз болдым. Жұмыс барысында, қылмыскерлерді ұстау кезінде қоян-қолтық әдістерін қолданамыз.

Арнайы жасақ құрамындағы қарсы келген қылмыскерді алып та, шалып та шығатындардың бірі - Ержан Абдуллаев. Ол дзюдо, самбо күресінен спорт шебері. Америка құрама штаттарында полицейлер арасында өткен Бүкіләлемдік жарыста жүлделі оралған. 8 жылдан бері осы саланың ыстығы мен суығына төзіп келеді.

Ержан АБДУЛЛАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЫЛДАМ ҚИМЫЛДАЙТЫН АРНАЙЫ ЖАСАҒЫНЫҢ ВЗВОД КОМАНДИРІ:

Көбіне жауынгерлік тәсілдер қолданылып жатады. Бізде спорттың атқаратын маңызы зор. Жұмыс барысында түрлі жағдайлар болады. Қылмыскермен бетпе бет келу оңай емес. Қоғамдық тәртіп сақтауда түрлі жағдайлар болады. Соған біз ұдайы жауынгерлік, псизологиялық дайын болуымыз керек.

Бүгінде аймақта 2 жарым мыңнан аса тәртіп сақшысы бар. Оның 15 проценті -әйел. Олар өздерінің нәзік табиғатына қарамай, ерлермен арқа тіресіп жұмыс істеп келеді. «Бізді мамандығымызға деген сүйіспеншілігіміз жігерлендіреді» дейді Әлия Нұрмағанбетова.

Әлия НҰРМАҒАНБЕТОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЫЛДАМ ҚИМЫЛДАЙТЫН АРНАЙЫ ЖАСАҒЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ:

Ішкі істер органына келгеніме 18 жыл болды. 24 сағаттың ішінде кез келген уақытта бізді жұмысқа шақырады. Өзіміздің қалап келген жұмысымыз болғаннан кейін қиын сынбай кез келген уақытта сапта тұруға дайынбыз. Ұл-қыз деп бөлінбейді тәртіп бәріне бірдей.

Полицей қыздар да спорттан алшақ емес. Шаршы алаңда шашаларына шаң жуытпайды. Мәншүктей мергендігімен көзге түсіп жүргендер де бар. Ең бастысы олар елі үшін жанын берсе де, сырын бермейді.