Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда аналардың тағдырына арналған жаңа фильмнің тұсауы кесілді

  • AstanaTV
  • 28 қыркүйек 2016
  • 3484

Алматыда көремендердің көптен күткен «Анаға апарар жол» атты көркем фильмнің тұсауы кесілді. Премьера Республика сарайында өтті. Көркем туындыны тамашалауға келгендерге бірінші киножасаушыларды таныстыруға мүмкіндік туды. Көрермен алдына режиссер Ақан Сатаев бастаған түсіру тобы мен кино және театр өнерінің танымал актерлері шықты. Фильмнің бас продюсері Әлия Назарбаева жиналғандарға киноның әсерлі екенін, сондықтан көрмес бұрын беторамалдарыңызды даярлап қойыңыздар деп «кеңес» берді. Ерекше туындыларымен танымал режиссер Ақан Сатаевтың айтуынша, бұл киноны түсіруге 1,5 жыл уақыт кеткен.

Ақан Сатаев, режиссер:

Мен қазір ерекше толқу үстіндемін. Себебі көрерменнің ықыласынан-ақ фильмнің сәтті шыққанына сене бастадым. Осы туындыны жасауға ат салысқан бас продюсерге, актерлерге және техникалық құрылымға алғысым шексіз. Олардың әрқайсысы өз жұмысын адал атқарды. Нәтижесінде, осындай көркем дүние жарыққа шығып отыр.  

«Анаға апарар жол» фильмі өткен ғасырдың басындағы оқиғалармен өрнектелген. Отызыншы жылдардан бастап бүгінге дейінгі кезеңді қамтиды. Баласының басына түскен зұлматты уақытты өз жүрегі арқылы өткізіп, ауыртпашылықты сезінген ананың тағдыры бейнеленеді. Бас кейіпкер Ілиястың табандылығы мен өжеттілігі, өмірге деген құштарлығы шебер суреттеледі. Фильм Белоруссия мен Әзірбайжанда да түсірілген. «Қазақфильм» киностудиясы мен Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсеткен кино 29 қыркүйекте үлкен экранға шығады.

Әділ Ахметов, актер:

Біздің замандастарымыз көру керек бұл киноны. Неге десеңіз? Өткен ғасырдағы, 20 ғасырдағы біздің халықтың басынан өткен ең қиын кезеңдер суреттеледі. Бірақ қандай ауыр дүниелер болса да, мойымай, біз осы күнімізге жеттік. Демек бүгінгі күнімізге шүкіршілік айтамыз. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ