Орынбордағы демалыс саябағында карусель құлап, балалар зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
«Оқыс оқиға туралы хабарлама түсті. 20 шақты адам зардап шеккен, арасында кәмелет жасқа толмаған балалар бар», - делінген аймақтық ІІБ мәліметінде.
Зардап шеккендер медицина қызметкерлеріне тапсырылған.
«Медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Федералды орталықтар мамандарымен телемедициналық кеңестер жүргізілді. Зардап шеккендерге көмек көрсету барысын Ресей денсаулық сақтау министрлігі катастрофалар медицинасының федералды орталығы үйлестіріп отыр», - деді министрліктен.
Аймақтың денсаулық сақтау министрі Татьяна Савинованың айтуынша, 12 адам ауруханаға жатқызылған.
«Зардап шеккен 20 адамның 12-сі ауруханаға жатқызылды, 8 адам жарақатының жеңілдігіне байланысты амбулаториялық ем қабылдайды», - дейді ол өзінің телеграм каналында жарияланған видеода.
Ауруханаға жатқызылғандардың жартысы, яғни алтауы – бала.
«Бір науқастың – 27 жастағы қыздың жағдайы аса ауыр. Ол толығымен қаралды, қазір жансақтау бөлімінде», - деп түсіндірді Татьяна Савинова.
Оның айтуынша, және бір 10 жасар бала ауыр халде жатыр. Оған ота жасалмақ. Сондай-ақ, 10 адам орташа-ауыр жағдайда.