Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда төтенше жағдай жарияланады

Қызылжарда төтенше жағдай жарияланады. Екі күн бұрын өңірде алапат өрт болып, 11 үй өртеніп кетті. Панасыз қалған отбасылар алдымен мектепке уақытша орналастырылды. Кейін әкімдік оларға пәтер жалдап берді. Ойламаған жерді баспанасынан айрылған жұрттың мәселесі енді қалай шешіледі? Тұрғындарға өтемақы төлене ме? Аймақтан - Абзал Құрманкин.

Сенной көшесіндегі қамыс өртенген. Қатты жел салдарынан тілсіз жау сол маңға жақын орналасқан тұрғын үйлерді де жайпады. 9 үй бастан аяқ өртеніп кетті. Екі баспана жартылай жанған. Үйсіз қалған отбасылар мектепке орналастырылды. Сонан кейін әкімдік оларға пәтер жалдап, сонда көшірді. Ал кейбіреулері туысқандарының үйін паналауға мәжбүр.

Наталья СУРОВЯГИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Менің үш балам бар. Олар осы Береке ықшам ауданында оқиды. Әкімдік бізге ұсынып жатқан пәтерлер тым алыс. Жақын маңайдан бір үйді уақытша бергісі келді. Бірақ оның ішінде тарақандар өріп жүр. Сондықтан мен ол үйден бас тарттым.

Қиын жағдайға тап болған жанұяларға еріктілер де қолдау көрсетуде. Олар қазір гуманитарлық көмек жинап жатыр.

Айсұлу БЕКІМОВА, ЕРІКТІ:

Тұрғындар бұл игі істен шет қалған жоқ. Киім-кешек, азық-түлік, көрпелерді әкеліп жатыр. Осы уақытқа дейін өрттен зардап шеккен төрт отбасыға көмектестік. Қалғандары пәтер мәселесін шешкесін келмек.

Ал қалалық әкімдік өрттен жапа шеккен тұрғындарға өтемақы төлеу үшін төтенше жағдай жариялады. Арнайы комиссия құрылып, үйлердің жағдайы жіті тексеріледі. Билік өкілдері үйдің құнын толық өтеуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек әр отбасыға 3.5 млн теңге көлемінде өтемақы беріледі.

Эльмира СӘДУАҚАСОВА, ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІКТІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Эксперттер бізге келтірілген материалдық шығын көлемін есептеп береді. Біз сол бойынша өтемақысын жасаймыз. Егер сол қаражатқа олар үй алып жатса, онда олар кезекке қойылмайды. Сол өтемақыға сәйкес өздеріне баспана алатын болады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Соңғы бір айда аймақта 368 рет өрт болды. 400 гектардан астам аумақ отқа оранды. Орман өрті де өршіп тұр. 9 мәрте орманды өрт шалып, 47 гектар аумақ ағаш күлге айналды.