Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстіктен майданға 140 мың жауынгер аттанған

Жеңіс күнін Шымкент тұрғындары ерекше сән-салтанатымен атап өтті. «Даңқ мемориалына» жиналғандар алдымен майдан даласында қаза тапқан қаһармандардың рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Қазір мегаполисте 3 майдангер мен 2 мыңнан аса тыл ардагері тұрады.

Жеңістің 78 жылдығына арналған салтанатты шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов пен мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен майдангерлердің ұрпақтары қатысты. Жиналғандар алдымен екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мұнан соң "Даңқ" мемориалдық кешеніне гүл шоқтары қойылды. Оңтүстіктен майдан даласына 140 мың жауынгер аттанған. Қазір үш-ақ ардагер бар. Соның бірі –Мұратәлі Төлепбергенұлы.

Мұратәлі ТӨЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ, СОҒЫС АРДАГЕРІ:

Айналайын, шырақтарым! Қазір бейбітшілік. Егеменді ел болдық. Барлық мемлекетпен тереземіз тең болды. Соның өзі бейбітшілік. Аллаға шүкір, Қазақстан халқы өз алдына дербес мемлекет. Көпұлтты болсақ та тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Міне соның арқасында халықтың әлеуметтік жағдайы жаман емес.

Шымкентте соғысқа қатыспағанымен тылда еңбек еткен 2 мыңнан аса тыл ардагері тұрады.

Шерім МЕДЕУОВ, ТЫЛ АРДАГЕРІ:

Әкем менен ағамды әскерге алып кеткенде 6 жасар едім. Содан анамыз екеуміз колхозда қалдық. Сол колхоздың жұмысын суапу бар, егу бар, жинау бар, малға қарау бар соның бәрін істедік. Ол тек менің басымдағы мәселе емес, менің жасымдағы жас балалардың басында болды. Өте қиын болды.

Салтанатты шараға қатысушылар «Майдан даласы» алаңына аялдады. Ұлы Отан соғысы және тыл еңбеккерлеріне арналған әскери өмірден театрландырылған көріністерді тамашалады. Қанды соғыс жылдарын бейнелеген қойылымдар көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлады.