Русский Сайттың толық нұсқасы

"10 колледж лицензиясыз білім берген": 200-ден аса колледж аттестаттаудан өтпей қалды

  • AstanaTV
  • 10 мамыр 2023
  • 1077

Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті мемлекеттік аттестаттауға дайындық кезеңінде 219 колледж 624 мамандық бойынша 780 біліктілік лицензиясын қайтарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап. 

Ведомство мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысында жекеменшік колледж жабылған.

Жыл басынан бері еліміздегі 519 колледжде мемлекеттік аттестаттаудан өткен. Аттестаттау нәтижесі бойынша Алматы, Астана қалаласы, Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан және Ұлытау, Абай облыстарының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жақсы көрсеткіштер байқалған. Министрлік ақпаратынша, ел бойынша үш жүзден астам колледж аттестаттаудан өтпеген. Олардың басым көпшілігі -Шымкент қаласы мен Павлодар, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Ақмола және Ақтөбе облыстарында да көрсеткіш төмен екені белгілі болған.

"Бақылау шаралары басталмас бұрын ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Мемлекеттік аттестаттау техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы бірқатар проблемаларды анықтап берді. Қазір Астана қаласы, Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы тоғыз жекеменшік колледждің қолданыстағы лицензиясы мен білім беру қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияға қосымшаларды қайтару жұмысы жүргізілуде. Бұл колледждер білім беру қызметін жүргізбейді. Сондай-ақ лицензияға қосымшасы болмаса да білім берген 10 колледж анықталды", - дейді Комитет төрағасы Ернұр Дауенов.

Талдау қорытындысы бойынша жұмыс жоспарлары, оқу жоспарының пәндері мен модульдері бойынша оқу бағдарламалары, өндірістік оқыту мен кәсіптік тәжірибеден өту, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттың талаптарына сәйкес келмейтін базалық, кәсіптік модульдерді оқыту бойынша бұзушылықтар анықталған.

"Уәкілетті органдарға техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқу жұмыс бағдарламалары мен жоспарларын әзірлеуде әдістемелік көмек көрсетуге қатысты ұсынымдар берілді", - делінген ведомство хабарламасында.