Ақтауда 9-шы шағынаудандағы тұрғын үй кіреберісінің маңдайшасы опырылып, бір адам қаза тапты. Екі адам зардап шеккен. Олар шатырды бұзып жатқан ПИК қызметкерлері болған. Қазір бұл іске қатысты тергеу жүріп жатыр.
Қайғылы жағдай көпқабатты үйдің кіреберіс шатырын жөндеу кезінде болды. Куәгерлердің айтуынша, осы үйге қызмет көрсететін үш сантехник маңдайша үстіне шығып, оны алып тастамақ болған. Алайда, ол кенеттен жарылып, құлаған. Жұмысшылардың бірі үйінді арасында қалып, сол жерде көз жұмды.
Валерия ФУРСИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Ол әлі тірі еді. Сыртқы жарақаттар алған, тек мұрнының шеті жұлынып кеткен, бірақ тамыр соғысы болды. Біз оны шығарғанда ол тұншыға бастады. Ал жедел жәрдем қызметкерлерінде ешқандай құралы болған жоқ. Қиналып жатқан адамды тастай сала, екіншісіне жүгірді. Жүрегі соғып тұр, көмектесіңдер деп айқайладық.
Сантехниктер жұмыс барысында қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамаған. Көзілдіріксіз, арнайы каскасыз қалың бетонды бөлшектеген. Бұған қатысты пәтер иелері кооперативі жауап бере алмады. Қазір полиция және Төтенше жағдайлар қызметкерлері тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Әйгерім ИБАТУЛЛАЕВА, МАНҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 277-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптама тағайындалды. Тергеу мүддесіне қатысты басқа мәліметтер жарияланбайды.
Тағы бір жәбірленушінің аяғы сынған. Ол облыстық ауруханаға жеткізілді. Үшінші жұмысшы жеңіл жарақатпен аман қалды.
Қайрат НҰРАЛИЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАСЫ ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ:
Екінші науқас жедел жәрдеммен біздің қызыл аймаққа әкелінді. Қызыл аймақта травматолог, нейрохирургпен тексерістер жүргізді. Травматология бөліміне жатқызылды. Диагнозы балтыр сүйектің төменгі бөлігінің ашық сынығы. Операция жасалынды. жағдайы бірқалыпты, орташа.
Көз жұмған азамат жұмысқа 3 ай бұрын ғана тұрған көрінеді. Артында 5 баласы қалды.