Елімізде биыл 2 миллионнан астам оқушы жазғы лагерлерде демалады. Ал ол үшін жалпы саны 11 мыңнан аса тынығу орны ұйымдастырылмақ. Ата-анасынан айырылған, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары мен мүмкіндігі шектеулі жеткіншектер сауықтыру орындарына тегін жіберу көзделген. Ал тынығу орындары балаларды қабылдауға дайын ба? Әріптесім Ақбота Базарбай жалғастырады.
Оқу жылының аяқталуына аз ғана уақыт қалды. Ал демалысқа шыққан соң бала 90 күн бойы не істейді?
БЛИЦ:
- Ауылға барамыз.
- 1 ай демалады, сосын көркем гимнастикамен айналысады.
- Өзінің қалаған лагеріне барады. Болмаса үйде болады.
Иә, бірінші үйде болады. Ұйықтайды, теледидар қарайды, телефон ойнайды. Ал мамандар баланың таза ауада көбірек болғаны дұрыс дейді. Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.
Анаргүл ИБРАИМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:
Себебі спорт арқылы баланың миында алмасу процесстері жақсарып, жаңа оқу жылына күш жинауға мүмкіндік алады. Егер ата-ананың теңізге баруға мүмкіндігі болмаса бассейнге жазылса болады. Сонымен бірге баламен ортақ ойындарды да ұйымдастыруға болады.
Балалардың уақытын тиімді өткізу үшін жазғы демалыс лагерлері ұйымдастырылған. Ол жерде балалар 3 мезгіл тамақтанады, бассейнге шомылып, таза ауада спорттық ойындар ойнайды. Көрікті жерлерге, мұражайларға барып, әр түрлі тақырыптық, танымдық квест ойындар ұйымдастырылады.
Жанель БАЙДҮЙСЕН, ДИРЕКТОРДЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Лагеріміз сағат 9-дан, кешкі 5-ке дейін болады. Балалар 3 рет тамақтанады. Әртүрлі ойындар ойнайды, квест бізде өтеді. Әр күннің өзінің бір тақырыбы бар. Мысалы бірінші күніміздің тақырыбы астрология күні.
Өңірлер бойынша 200 мың оқушы биыл жазғы лагерлерде ақысыз демалады. Бұл үшін бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінген. Ақша аз қамтылған, көп балалы, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына жұмсалады. Ал бұл санатқа жатпайтын балалардың ата-аналарына өз қалталарынан ақша төлеп жіберуге тура келеді.
Ақмарал МАҚҰЛБЕКОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
218 қала сыртындағы лагерлердің жұмыс істеуі жоспарлануда және де барлық қосымша білім ұйымдарының орталықтарында, мектеп жанындағы орталықтардың жұмыс істеуі жоспарлануда. Яғни, жылдағы жоспарға сәйкес жазды қуанышқа толтырайық тұжырымдамасы жасалып, тұжырымдамада әр аптаның аты, тақырыптық өзекті негізгі тәрбиеленудің бағыттары анықталып, барлық өңірлерге жолданды.
Мамандар бірінші, екінші сыныптағы балалар әдетте үйін, ата-анасын сағынады дейді. Сондықтан оқушыларды лагерьге 3 сынаптан бастап жіберуге кеңес береді. Ал ата-ана баланың бос уақытын тиімді өткізуін демалыс кезінде қадағалауы міндетті.