Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарлық оқушы бірнеше рет мектепке "бомба қойылғаны" туралы хабарлаған

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2023
  • 1448

Павлодарда терроризм актісі туралы жалған хабарлама берген күдікті анықталды, - деп хабарлайды polisia.kz.

Павлодар облысы бойынша полиция мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменттері бірлескен іс-шаралар барысында білім беру ұйымдарына қойылған бомба туралы жалған хабарламалар таратты деген күдікке ілінген кәмелетке толмаған тұлға анықталды. Күдікті Павлодардағы мектептерінің бірінде оқитын 14 жастағы оқушы болып шықты.

"Оқушы 2023 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында жаңа телефон нөмірлері арқылы аккаунттар құрғаны анықталды, ол арқылы терроризм актісі туралы жалған хабарламаларды білім беру объектілерінің электрон поштасына жолдаған, содан кейін аккаунттарды жойып отырған. Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмаған заңды өкілдердің кепілгерлігіне берілді", – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.

Полицейлер терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделгенін және 5 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы бар.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам өзінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін қылмыс жасағаны үшін кінәсіз деп есептеледі.