Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада ағзаға күшті әсер ететін препаратты заңсыз сатқан 2 дәріхана жабылды

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2023
  • 1526

Жыл басынан бері Астанада күшті әсер ететін препараттарды сатып келген 4 дәріхананың басшысы жауапқа тартылды. Астана қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Рустам Ғазизов осылай мәлім етті.

«Есірткі қылмыстарын анықтауда елорда тұрғындары белсенділік танытуда. Тұрғындардан түскен ақпарат негізінде есірткі заттарын сатумен айналысып келген 52 сайт бұғатталды. Сонымен қатар, қала аумағындағы психотроптық заттарды жарнамалайтын суреттер өшірілді», - деп мәлім етті Рустам Ғазизов.

Басқарма басшысы елордалық дәріханалар арқылы күшті әсер ететін препараттардың таралуы азаймай тұрғанын атап өтті.

«Жыл басынан бері полиция департаменті мен медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бірлесіп, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 426-бабы (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) бойынша 4 фактіні анықтады. 2 факті бойынша жеке кәсіпкерлерге 345 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал қалған 2 дәріхана мұндай құқық бұзушылықты қайталап жасағаны үшін 6 ай мерзімге жабылды», - деді Рустам Ғазизов.

Сонымен қатар, ол жыл басынан бері Астана аумағында 362 есірткі қылмысы тіркеліп, 14 келі «синтетика» тәркіленгенін айтты.