Русский Сайттың толық нұсқасы

Қашаған кен орны алғаш рет тест түрінде іске қосылды

  • AstanaTV
  • 29 қыркүйек 2016
  • 6507

Қашаған кен орны бүгін алғаш рет сынақ түрінде іске қосылды. Бұл туралы NCOC компаниясына сілтей отырып, Интерфакс жазды. «Қиынға соққан жөндеу және іске қосу жұмыстарынан соң нысанның кейбір бөліктеріне, оның ішінде жаңадан ауыстырылған құбырларға көмірсутек жіберілгенін NCOC растайды. Қосымша ақпарат өнім тұрақты алына бастаған кезде беріледі» делінген компания хабарламасында.

Естеріңізге сала кетсек, Энергетика министрлігі бұған дейін, Қашағаннан мұнай қыркүйектің аяғында, қазан айының басында алына бастайды, деп мәлімдеді. Министр Қанат Бозымбаев алғашқы мұнайды қазанның 15-23 аралығында жөнелтеміз деп нақты даталарын да атаған еді.

Соңғы 50 жылда ашылған ең ірі кен орнында мұнай өндіру жұмыстары 2013 жылдың 11 қыркүйегінде басталды. Алайда құбырлардан газ кетуі салдарынан екі аптадан соң бар шаруа тоқтап қалды. Жоба операторы «North Caspian Operating Co» 2014 жылы ұзындығы 200 шақырым болатын газ және мұнай құбырын толық ауыстыру керектігін хабарлады. Содан бері Қашағандағы өндіріс бүгін ғана жанданды.  

Айгүл ӘДЕПБАЙ