Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысының экономикалық, әлеуметтік және діни ахуалын зерттеп, оңалтуға арнайы жұмыс тобы келді

  • AstanaTV
  • 29 қыркүйек 2016
  • 2834

Ақтөбе облысының экономикалық, әлеуметтік және діни ахуалын зерттеп, жаңа белестерге жеткізу. Президенттің осындай тапсырмасымен Бас прокурордың жетекшілігімен 200 адамнан тұратын арнайы топ өңірде жұмысын бастап кетті. Олар тапсырмаға сай бір ай бойы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қордаланған сұрақтарға жауап бермек. Брифингте Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко бұл ешқандай да тексеру еместігін жеткізді.

Еліміздегі үздік мамандар Ақтөбенің әл-ахуалын оңалтуға арнайы жолданса керек. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары алыс ауыл-аймақты аралап, тұрғындарға медициналық көмек көрсетпек. Қаржы саласы қызметкерлері кәсіпкерлерге қол ұшын беріп, өз ісін бастамақшы болған ақтөбеліктерге түрлі мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, бағыт береді. Ал лаңкестік оқиғаға байланысты құқық қорғау органдарына да қосымша күш көмекке келген. Дін мәселесі де шет қалмақшы емес. Теологтар мен жоғары білімді имамдар жергілікті жамағатпен кездесуді жоспарлап қойған. Тіпті жұмыс тобы тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне дейін көтеретіндігін айтты.

Андрей Кравченко, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Біз тек сандарды ғана жүйелеп, сараптама жасап қана қойғымыз келмейді. Кез-келген қылмысқа себеп болатын жекелеген азаматтардың әлеуметтік және экономикалық ахуалы екендігін қайтадан айтқым келеді. Сондықтан біз әрбір азаматпен кездесіп, мәселелерін шешіп берсек, аймақтағы қылмыстық жағдай да оңалады деп ойлаймын. Бұл тек Ақтөбе облысында ғана емес, басқа да аймақтарда жүзеге асырылуы тиіс шара. 

Мансұр ЕСҚОЖИН