Русский Сайттың толық нұсқасы

"Он жас үлкен": әнші Дана Маханбаева күйеуі Әділмен қалай танысқанын айтты

  • AstanaTV
  • 15 мамыр 2023
  • 1782

Отандық жұлдызды жұп Әділ мен Дана көпшілікке кеңінен танылған әншілер. Бүгінде көпбалалы ана атанған әнші Дана Маханбаева "Менің өмірім" бағдарламасында он жас үлкен күйеуі Әділмен қалай танысқанын айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Бір күні қыс уақыты, сыртқа шықтым. Көлігім жоқ, үйге жетуім керек. Сөйтіп тұрғанымды Әділ шығып, "Қарындас, мен сізді үйіңізге апарып тастайын" деді. Сөйтіп танысып кеттік. Ұлықпан аға "Сен Алматыға енді ғана келген екенсің. Әділ ағаң тойға шақырып тұрады, телефон нөмірін алып ал" деді. "Өзі Тараздан енді келіпті, жақсы қыз сияқты" деп қояды. Ол кезде мен "Әділ аға" деймін. Менен он жас үлкен ғой. Бір күні бір арнада наурызға байланысты түсірілім болатын болды. Құрбым "Сендер Әділ ағамен ән айтсаңдар қайтеді?" деді. Мен "Дауысымыз келеді ме" деймін. Мен енді қуанып кеттім. Студияға барып, екеуіміз ән жаздық. Ол кісі көп тойға шақырды. Сөйтіп жүргенде түсірілімге шығатын болып, бір ән жаздық. Әдеке "Екеуіміздің дауысымыз жақсы келетін сияқты. Тағы бірнеше ән жазайықшы. Мен сені Қытайға концертке апарайын" деді. Мен қуанып кеттім. Ойым Қытайға барып, келу ғой. Анама айттым. Екі ғана ән жазғанбыз. Қытайға барсақ, бізді туысқандары жиналып, бәрі бір жерде отыр екен. Ол мені таныстыруға апарған ғой. Мен жай таныстыруға апара жатыр деп ойладым. Сөйтсем, ол кісілер мені келін болып келді деп ойлап, Қытайда орамал жауып қызық болған. Әдекең 33 жаста отау құрды ғой. Мен ол кезде 23 жаста болдым. Әдекең туыстарын жинап отырғанын басында барғанда түсінбей қалдым. Бірақ танысқаннан кейін Әдекең қатты ұнады. Адамгершілігі мықты, сөздері нық, айтқанын орындайтын орнықты кісі екен", - деді Дана Маханбаева.

Сонымен қатар Дана Маханбаева осыдан соң болашақ енесімен сөйлескенін жеткізді.

"Анасы да "Балам Қазақстаннан қыз алып келе жатырмын деп айтып, дайындады. Қош келдің" деп, орамалын жапты. Орамалды иыққа жабады екен. Ағаларымен таныстық. Анама мені осылай күтіп алды деп айттым. Анам "Өзің білесің ғой. Бәрін көріпсің. Алматыға да мен жіберген жоқпын. Әділмен мен таныстырған жоқпын, өзің қара" деді", - деп жан сырын ақтарды Дана Маханбаева.