Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда сынып жетекшісіне шағым түсірген жасөспірімге қатысты тың деректер шықты

«Өте қатыгез апай». Алматыда осылай деген мектеп оқушысы сынып жетекшісінің үстінен шағымданды. Айтуынша, мұғалім жасөспірімді балағаттап, тіпті, қол көтеруге дейін барған. Қорлық көрген қыздың анасы мұғалімнің мектептен кетуін талап етуде. Ал, өзге ата-аналар мұнымен келіспейді. Тараптарды тілшіміз Мөлдір Жақан тыңдады.

Бұл видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Видео авторы - Баян мен оның сыңары Аян №133 мектептің 9-сыныбында оқиды. Сөздерінше, сынып жетекшісі балаларға аса қатыгездік танытады. Анасы Ақмарал Ибадуллаева да қызының ашушаң, тұйық бола бастағанын байқап, ақыры мәселенің мән-жайын анықтауға кірісіпті. Қызы мұғалімнің оған қол көтеріп, жұлқылап, итергенін айтқан. Нәтижесінде иығынан жарақат алыпты.

Ақмарал ИМАДУЛЛАЕВА, АТА-АНА:

Бұл бірінші жыл емес. Сынып жетекшіміздің, менің талабым - мұғалімдік қабілетінен айыру. Бұл мектепте жұмыс істемегенін қалаймын. Менің қызым 9 майдан бері сабаққа келмейді. Психикасын бәрін құртқан, неврологический уже ауру. Қызыма қатты зақым тиген, ушибтер бар. Қызымды бүкіл ата-ана мен оқушылардың арасында сынып жетекшісі қарсы қойып отыр.

Жәбірленуші тарап кінәлілердің өз қатесін мойындап, шындықтың ашылғанын қалайды. Алайда басқа ата-аналар мұнымен келіспейді. Олар оқытушының мұндай қадамға баруы мүмкін емес дейді. Тіпті бұл жағдайлар қыздың өзінен болуы мүмкін деген де пікір айтылды.

Ләйлә ЕСАЛИЕВА, АТА-АНА:

Мұғалімдер тарапынан, мектеп тарапынан қараусыз қалып, ешқандай жұмыстар жүргізілмей, балалар арасында осындай нәрселер орын алды дегенмен келісе алмаймын. Балалы үйдің ұрлығы жатпайды дейді. Егер осындай жағдай болса, тек қана Баян ғана жанұясына айтып барып, басқа балалар айтпай қалу мүмкін емес қой.

Жазира БАЙМҰҚАН, АТА-АНА:

Сыныпта мешать етіп, өзінің сабақ оқып отырған сыныптастарына көп минус жағдай жасайды екен. Өзі бастайды. Мұғалімдерге сөз қайтарады. Сабақта неше түрлі сөздер айтып отырады. Әлеуметтік желіге шығып тұрған видеоларындағы ұру, ұрсу, сыныпта осылай жасау деген, менің қызым ашық «мама, ондай болмайды» дейді. Айтқаны жалған.

Мектеп директорының айтуынша, білім ордасында 15 жылдан бері қызмет ететін мұғалімге қатысты бұған дейін ешқандай шағым түспеген. Дегенмен, осы оқиғадан кейін сынып жетекшілігінен уақытша шеттетіліп, сөгіс берілді дейді.

Сабыркүл ОРАЗБЕКОВА, №133 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл жерде бала құқығы бірінші орында. Біз баланы, әрине, қорғаймыз. Мұғаліммен де, балалармен де психологтар сөйлесіп жатыр. Мүлдем мойындамаймыз деп айтып тұрған жоқпыз ғой. Мүмкін, мұғалім қатты айтқан да шығар. Бірақ ол жерде сондай боқтық сөз айтылмаған, балағаттамаған, ешкімді ұрмаған.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Бұл мәселеге қатысты кәмелет жасқа толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған. Жағдайдың мән-жайы комиссияның ертеңгі отырысында анықталмақ.