Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Павлодар облысының халқымен кездесті. Ол Ақсу ауылы тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап, «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылуы туралы баяндады. Өз кезегінде бағдарламаға қатысуға ниет білдірген ауылдықтар өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсаты – халықтың табысын арттырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау. Биыл бұл мақсатқа қазынадан 100 млрд теңге бөлінді. Осы арқылы 17 мың шағын несие беру жоспарланып отыр. Павлодар облысына 1,5 млрд теңге қарастырылған. Осылайша 2,5 процентпен 300-ден астам шаруа қожалығы құрылады деп күтілуде. Ауыл тұрғындары несиені өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы ресімдей алады. Егер кооперативтер құрылатын болса, онда ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға мүмкіндік беріледі. Яғни, техника құнының жартысын мемлекет субсидия ретінде қайтарып береді.