Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде нәтижелі жұмыстар атқарылуда

Қызылордада соңғы бір жылда құрылыс жанданып, ауқымды бастамалар қолға алына бастады. Облыс орталығын былай қойғанда аудандар мен елдімекендерде де біршама түйткілдің түйіні тарқады. Қалаға қарасты Тасбөгет кентінде атқарылып жатқан жұмыс қарқыны жоғары. Жол жөнделіп, инфрақұрылым жүйесі кезең-кезеңімен жаңалануда. Биыл облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, спорт кешенінің іргетасы қаланды.

Бұл жерде заман талабына сай жабдықталған спорт кешені бой көтереді. Қазір құрылыс жұмыстары қарқын жүруде. Облыс қазынасынан 500 млн. теңгеден аса қаржы бөлінген. Кенттің жас споршылары жыл аяғында жаңа ғимаратта жаттығады дейді құрылысшылар.

Талғат МАУШОВ, УЧАСКЕ БАСТЫҒЫ:

Спорт кешенін салып жатқан «Интегрострой» мекемесі. Осы кезде іргетасын істеп жатырмыз. 30-дан астам адам бар. Әрі қарай көтерген сайын жұмысшыларды көбейтіп ала береміз.

Биыл кент бюджеті былтырғыдан 2 есе артқан. Соған сай 41 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Елдімекеннің өркендеуіне жеке кәсіпкерлер де өз үлестерін қосуда.

Семсер СЫЗДЫҚОВ, ТАСБӨГЕТ КЕНТІНІҢ ӘКІМІ:

Былтырғы жылғы сырттан тартқан инвестициямыз 2,3 млрд болған. биыл ол көрсеткіш 3 млрдтан асып отыр. Оның негізгісі қазіргі таңда 285 пәтерді құрайтын 3 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Одан бөлек демеушілікпен кент орталығына 200 млн. теңгеге мешіт салынуда. Одан бөлекі тағы да көптеген кәсіпкерлік нысандар бой көтеруде.

Әкімдіктегілердің дерегінше, 31 мыңнан аса тұрғыны бар кентте 56 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал 1500-ге жуық адам жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Шағын өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды да жұмыспен қамтуда.