Русский Сайттың толық нұсқасы

"Тараз" футбол клубы 610 млн теңгені мақсатсыз жұмсағаны рас па: облыстық комиссия тексеру жүргізді

  • AstanaTV
  • 15 мамыр 2023
  • 1022

Жамбыл облыстық тексеру комиссиясы аудиттік тексеру жүргізу кезінде "Тараз" футбол клубының 610 млн теңгені мақсатсыз жұмсағанын анықтаған. Алайда клуб басшысы бұл қаржылық тексеру қортындысымен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Тексеру комиссиясының мүшесі Асылхан Шаймерденовтің айтуынша, аймақтың спорт саласындағы 36 мекеменің қаржылық құжаттарына жіті тексеру жүргізілген. Қорытындысында қаржылық олқылықтарға жол бергендер қатарында "Тараз" футбол клубы көш басына тұрған. Мекеменің 2020-2022 жылдары жұмсалған қаржылық құжаттарын ақтарғанда шетелдегі оқу-жаттығу жиындарына келісімшартсыз шыққаны анықталған. Әрі салық берешектері төленбегені белгілі болады. Сондай-ақ 39 қызметкерге 5 млн теңгеге жуық заңсыз сыйақы беріліпті. 2022 жылы да 34 млн теңгеге заңсыз шығын шығарады. Жалпы есепте 422 млн теңге салық төлемегені анықталып отыр.

"Қырыққа жуық мекемеге аудиттік тексеріс тағайындап, есептеу жүргіздік. Барлық мекемеден 1 млрд 600 млн тиімсіз жұмсалған қаржы көлемі анықталды. Олардың 18-іне желтоқсан айына дейін орындау туралы нұсқама жібердік. Олқылықтарға жол бергендер қатарында қаржы көлемі жағынан "Тараз" футбол клубы алға шықты. Олар 576 млн теңгені Түркияда өткізген оқу-жаттығу жиынына заңсыз жұмсаған. Тамақтануы бар, әуе рейсі, жататын жерінің төлемі секілді бірнеше бағытта шарт жасаспай шығын шығарған. Енді клуб тарапы 566 млн теңге кредиторлық қарызды қалпына келтіруі керек. 2022 жылы да 34 млн теңге масқатсыз жұмсалған. Ал бюджетке 63 млн теңге қайтаруы тиіс", - дейді Асылхан Шаймерденов.

Ал "Тараз" футбол клубының директоры Жандос Ахметовтың айтуынша бұл ақша қарыздардың берешек сомасы. Жергілікті клубты бір жарым жылдан бер басқарып отырған басшы мекеме 1 млрд теңгеден астам қарызға батқанын растап отыр. Бірақ бұл берешек өзіне дейінгі басшылық кезінде болған дейді. Клуб ішінде жалақының көп мөлшерде берілуінен қаржылай қиындық туындаған. Сондай-ақ салық төлемдері де уақытылы жабылмапты. Салдарынан клуб ойыншыларын құрамда қалдыруға, бұрынғыдай ұстап тұруға шамалары жетпеген. Сөйтіп команданың негізгі ойыншыларының 99 пайызы командадан кетіп қалған.

"Жоқ, біз тексеру нәтижесімен келісе алмаймыз. Бірінші кезекте бұл 2021 жылы пайда болған қарыз, яғни кредиторлық берешек. Мақсатсыз жұмсалды деу - қате. Бұл жағдай үлкен сомадағы жалақылардың берілуінен болған. Сондай-ақ клуб мойнында 500 млн теңгеден астам еңбекақы қарызы болды. Бүгінде жиналып қалған жалпы қарыздың тек 400 млн теңгесі қалды. Оны жыл аяғына дейін толық жабуды жоспарлап отырмыз. Мен өз бастамаммен берешектерден құтылу үшін 20-ға жуық штаттық бірлікті де қысқарттым. "Тараз" футбол клубы төменгі лигага түскендіктен бүгінде айлық мөлшері 250 мыңнан ары аспайды. Біздің ендігі мақсат Премьер лигага шығу емес, қарыздардан құтылу", - дейді клуб директоры Жандос Ахметов.

Ал Жамбыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мекемелердің қарыздардан толық құтылуы үшін бірлесе жұмыс істейтінін айтты. Айта кетейік, бүгінде "Тараз" футбол клубы Бірінші лигада ойнайды. Олар өз қарыздарынан құтылғаннан кейін ғана премьер лигаға шығуды, жаңа ойыншыларды сатып алуды жоспарламақ. Бүгінде клубта 100-ден астам қызметкер істейді. Оның 25-і жасыл алаңдағы негізгі ойыншылар мен жаттықтырушылар құрамы.