Ақтөбеде арнайы интернаттан тағы шу шықты. Бұл жолы да тәрбиеші қорғансыз балаға қол көтерген. Оның әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Прокурорлар осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу тексеру шаралары жүріп жатыр.
Оқиға 27 сәуір күні болған. Бейнебақылау камерасының жазбасынан балалардың бір бірімен төбелесіп қалғанын, онан соң бөлмеден шығып бара жатқан баланы біреудің екі рет ұрып, құлатқаны көрінеді.
Ләззат ТАЙЛАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ:
Бейнебақылау камерасының жазбаларын зерделеу арқылы 1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерінің балаларды ұрып-соғу фактісі анықталды. Осы факт бойынша Ақтөбе қаласы прокуратурасы қылмыстық іс қозғап, тергеу үшін Ақтөбе қаласының полиция басқармасына жолдады.
Қазір тергеу жүріп жатыр. Баланы кімнің ұрғаны әзірге белгісіз. Орталық басшылығы бұл ақпаратты әлі тексеріліп жатқанын айтады.
Бақытгүл ТОЙБАЗАРОВА, №1 ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тәрбиешілер санитар ұрды дейді. Ол әлі дәлелденген жоқ. Ол топта баламен бала ұрысқан, төбелескен. Бір нәрсеге керісіп қалды ма сондай. Камерада сондай басқа тәрбиеші санитар ұрды деп есептеп тұр. Бірақ бізге дәлелденген жоқ ақпарат.
Бұл - даун, дцп дертіне шалдыққан және психикасында ауытқуы бар балаларға қызмет көрсететін облыстағы жалғыз орталық. Қазір мұнда бес жастан 18 жасқа дейінгі 55 бала тәрбиеленіп жатыр. Оларға бес тәрбиеші және 33 санитар қызмет көрсетеді. Осыған дейін де мұнда балаларды ұру жағдайы болған.
Әнуарбек ҚОНЖАР, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Ол үшін азаматтар өз жазасын алып жатыр. Екінші факт бойынша прокуратура тарапынан тергеу шаралары жүріп жатыр. Қалай аяқталады. Ақпарат береді деп ойлаймын.
Айта кетейік, былтыр көктемде осы орталықтың үш бірдей санитары балаларды ұрып, өз жазасын алды. Үшеуі де қызметтен қуылып, төрт жылға шартты жазаға кесілген болатын.