Русский Сайттың толық нұсқасы

«AMANAT CUP» республикалық пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары анықталды

Алматыда «AMANAT» партиясының кубогіне арналған республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Шараны «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты ұйымдастырды. Осымен жиырма бірінші рет өткізіліп отырған тартысты ойынға 18 бен 35 жас аралығындағы шешендік пен ұтқыр ой иелері жиналды. Кіл мықтылар бақ сынасқан жарыста оза шапқан кім? Келесі бейнематериалда.

Жас шешендердің сайысына биыл 150 команда өтінім берген. Оның ішінен 40 қазақ фракциясы және 20 орыс фракциясы ойынға жолдама алды.

Дәулет КӘРІБЕК, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Баршаңыз өз өңірлеріңізден үлкен жеңіспен, өздеріңіздің мықты екендеріңізді дәлелдеп келіп отырсыздар. Еліміздің әрбір өңірінен бір-бір команда бар. Енді осы жерде ең мықтыны, ең күштіні, ең нағыз шешендерді таңдайтын мықты жарыс болсын деп тілегім келеді.

Пікірсайысшыларға 8 резолюция ұсынылған. Мұнда блогерлердің жауапкершілігі, букмекерлік лоббидің кең жайылуы сынды еліміздегі өзекті тақырыптар көтерілді. Шымкент қаласынан келген Нұрдәулет Өмірзақ аталған турнирге екінші рет қатысып отыр.

Нұрдәулет ӨМІРЗАҚ, ҚАТЫСУШЫ:

Жалпақ тілмен айтқанда, еті тірі жастар, бір-бірімен бәсекеге түсе алатын, сын көтере алатын және бір-біріне сын айта алатын адамдардың ортасы. Мұндай ортада жүру қызық, іш пыстармайды. Бұл турнирдің ұйымдастырылуы басқа турнирлерге қарағанда ылғи өзгеше болады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысушылар келгендіктен, ойын сапасы да өте жоғары болады.

«Шараның басты мақсаты – еліміздегі пікірсайыс қозғалысын дамыту, жастардың азаматтық санасезімін қалыптастырып, жас ораторларды қолдау», - дейді ұйымдастырушылар.

Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ «JASTAR RUHY» ЖҚ ТӨРАҒАСЫ:

Еліміздің пікірсайыс қозғалысының кіл мықтысын анықтау үшін таза рейтингтік іріктеу жүйесін енгіздік. Қандай да жас болсын, қандай да мамандық иесі болсын, қандай жерде, қандай әлеуметтік статусы болсын, ол азаматтар осы турнирдің ішінде шынымен де өзінің пікірсайысқа берілгендігін, шеберлігін осы жерде дәлелдеу – турнирдің негізгі шарттарының бірі болып табылады.

2 күнге созылған тартысты додада қазақ лигасынан ҚызылорДа облысының намысын қорғаған Абылайхан Балмағанбет пен Дәулет Естанов жеңімпаз атанды. «Аманатқа қиянат жасама» деп аталатын фракцияның мүшелері турнирдегі бәсекелестік деңгейін жоғары бағалады.

Абылайхан БАЛМАҒАНБЕТ, «AMANAT CUP» ХХІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПІКІРСАЙЫС ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Бұл турнир жылдағы пікірсайыстың чемпиондар лигасы болып есептеледі. Сондықтан да дәл осы чемпиондар лигасын пікірсайысшы ретінде ұтып алу мақсатын орындау үшін келдік және орындадық.

Ережеге сәйкес, турнир келер жылы жеңімпаз өңір, яғни, Қызылорда облысында өтеді.