Русский Сайттың толық нұсқасы

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жай-күйін зерттеуге 317 млн теңге бөлінді

  • AstanaTV
  • 17 мамыр 2023
  • 2452

Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Мәжіліс депутаттарының Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бүліну қаупі төніп тұрғаны туралы сауалына жауап берді.

«Қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ылғалдану жағдайы бойынша зерттеу, зерделеу жұмыстары қолға алынған. 2022 жылы Кесененің әр бөлігінде оның температуралық-ылғалдық режимін, қабырғаларындағы жарықшақтарды қадағалайтын мониторингтік жүйе орнатылды. Мүдделі министрліктердің қарамағындағы ғылыми-зерттеу институттары Түркістан қаласында болып, жерасты, жер бетіндегі (суғару, жасанды канал) суларының кесенеге ықпалына алдын-ала зерделеу жүргізді. Сонымен қатар, Кесенені қабырғаларынан алынған кірпіш, сталактит, құм қоспасының физикалық-химиялық және физикалық-механикалық қасиеттерін анықтау бойынша лабораториялық зерттеулер жасалды. Биыл 28 наурызда кесененің жай-күйін сақтауға қатысты мүдделі мемлекеттік органдар мен ғылыми институттардың қатысуымен кеңес өткіздім. Нәтижесінде мүдделі мемлекеттік органдарға кесененің жағдайының нашарлауын анықтау бойынша тиісті институттар мен мамандарды тарта отырып, зерттеу жұмыстарын тездету, оған іргелес орналасқан Яссы бағын пайдалануға беру барысында ғалымдар мен мамандардың ұсынымдарына сәйкес жасыл желектерді суару нормаларын сақтау және тағы басқа тапсырмалар берілді», - деп жазады Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, кесененің жай-күйін зерттеу жұмыстарына биыл бірнеше ғылыми ұйым атсалыспақ.

«2022-2024 жылдарға арналған кешенді жоспар жасақталды. Осы жоспар шеңберінде Кесененің жағдайын әртүрлі бейімдегі ғылыми-зерттеу институттары 2023 жылы зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Ғылыми зерттеу жұмыстарына Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты, У. Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты, Ботаника және фитоинтродукция институты, «Қазқайтажаңарту» мекемесі, Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік республикалық тарихи-мәдени музей-қорығы қатысады. Кесене Қазандықтан 8 дәлізбен тарайтын 35 бөлмені құрайтын биіктігі 40 метрге жуық зәулім ғимарат. Осы орайда, ауқымды ғимараттың техникалық жағдайын сүйемелдеп отыру үшін республикалық бюджеттен жыл сайын қаржы қарастырылып отырады. 2023 жылға арналған республикалық бюджеттен кесенеде толық ғылыми-зерделеу жұмыстарын жүргізуге 317 млн теңге қаржы бөлінді», - делінген жауапта.