Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада жеке емханалардың біріне массаж жасатуға барған бір жастағы бүлдіршін ауруханадан бір-ақ шықты

Қызылордада жеке емханалардың біріне массаж жасатуға барған бір жастағы бүлдіршін ауруханадан бір-ақ шықты. Анасының айтуынша, баласының жүрісі кешеуілдеген соң, өз бетінше ем жасатпақ болған. Оның соңы осылай ушығып кетіпті. Оқиға қалай болды? Мөлдір ТоқтасЫнқызы ретімен айтады.

Балама қарасам жүрегім езіледі дейді етегі жасқа толған Ақмарал. Айтуынша, сол күні бүлдіршінді массаждан кейін 10 минут парафинге жатқызған. Бірақ анау-мынауға жылай қоймайтын Әділ, шырылдап қолды-аяққа тұрмады дейді. Ол сыртқа шыққан кезде ғана сәбиінің жамбасы күйіп қалғанын білген.

Ақмарал БӨЛЕБАЕВА, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Кәдімгідей грелка, китайский нәрсемен күйдіріп тұр олар. Байқамай парафинмен де күйіп тұрған жоқ қой. Түсініп тұрсыздар ма? Әр күн сайын орап қойған дәкесін алады. Негізі ол үш күн тұру керек. Ал біз тамақтандырған сайын, бүлдіршін бүлдіріп қояды. Сондықтан күнде осындай көрініс.

Жеке массаж жасау орталығынан мән-жайды білмек болдық. Алайда олар арнайы сұхбат беруден бас тартты.

Дәрігерлер бір жастағы Әділдің екінші және үшінші дәрежелі күйік алғандығын айтты. Қазіргі жағдайы орташа ауырлықта. Мамандар ата-аналарға кез-келген жеке емдеу мекемесінен білікті дәрігерлердің қадағалауынсыз ем алмауды баса айтып отыр.

Мая МИРЗАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Дәрігердің нұсқауымен, мемлекеттік мекемелерде тіркелген, лицензиясы бар, сертификаты бар, білікті мамандардың нұсқауымен ғана массаж болсын, физ.терепиялық емді сол дәрігерлердің нұсқауымен қабылдауды ұсынамын. Және кез келген жерге емес, мемлекеттік мекемелерде ем алуды ұсынамын.

Оқиғаның жай-жапсарын енді құқық қорғаушылар анықтамақ. Бұл жағдайға қатысты «қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.