Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары басталды. Бұл - Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға пандемиядан кейінгі алғашқы сапары. Президентті аспан асты елі жоғары деңгейде, ерекше сән-салтанатпен күтіп алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, құрметпен қарсы алғаны үшін алғыс айтты. Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық көлемі рекордтық деңгейге жетіп, 31 млрд доллардан асты. Кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, сауда және экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері қаралды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды.
Екі ел басшылары құжаттар мен бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық ілтипат білдіріп, 70 жас мерейтойымен құттықтады. Президент ертең Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездеседі. Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсімі болады. Ал 19-мамыр «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтеді деп жоспарланған. Сондай-ақ, еліміздің Сиань қаласындағы Бас консулдығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысады.
Си ЦЗИНЬПИН, ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Осындай айтулы күні Сіз Қытайға мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Бұл біздің екіжақты ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді және Қытаймен тығыз байланыстарыңызды тағы да растайды. Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басты. Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет.