Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында жыл басынан бері 40 мың гектердан астам пайдаланылмаған жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Алматы облысында жыл басынан бері қырық мың гектардан астам пайдаланылмаған жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Олар Кеген, Райымбек және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан. Бұл жерлердің бір бөлігі қазақстандық фермерлер мен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне таратылды.

Ізтілеу Нүсіпхожаевтың Кеген ауданында бір жарым мың гектар жері бар. Агроном ол жерге бидай мен арпа сеуіп, мол өнім алуды жоспарлап отыр. Бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Қазір компанияда 15 тракторшы, 20 жұмысшы еңбек етеді.

Ізтілеу НҮСІПХОЖАЕВ, АГРОНОМ:

Қуаңшылыққа байланысты көпжылдық шөптер жоқ болып кетті. Соның тұқымдарын алып кеп, 250-500 гектар жерге ектік. Бұл енді екі жылдан кейін өнім береді. Жердің халыққа көп көмегі тиіп жатыр. Барлық агротехникалық жұмыстар істеліп жатыр. «AMANAT» партиясына ырзамыз енді.

Биыл фермер Мұрат Малдыбаев та жер алып, тірлік қылуда. Ол Райымбек ауданында мал шаруашылығымен айналысуды жөн көріп, 120 сиыр сатып алған.

Мұрат МАЛДЫБАЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Арманымыз – сол малды асылдандырып, жалпы халыққа таратып, сол асылтұқымда малдарға ие болсақ деген ойдамыз. Халыққа да қажет нәрсе ғой. Қазір енді жеке бірлі-жарымды кішігірм шаруалар жеке-жеке барып ала алмайды ғой.

Жыл басынан бері Алматы облысында «AMANAT» партиясының «Жер аманаты» жобасы аясында қырық мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Дәулет КӘРІБЕК, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Біз осы жылы ауылдың айналасындағы жерлердің ауыл азаматтарына қайтуына қазір үлке жұмыс жасап жатырмыз. Парламент те осы жайылымдық жерлер туралы өте үлкен заң жобасына өзгерістер енгізетін болады.

Бірақ, жерді қайтару әрине оңай емес. Бірқатар қиындықтар бар. Кей аумақтар шекаралас аймақтарда орналасқан, ал енді біреуі аңшылық алқаптармен шектеседі. Аманаттықтар бұл мәселелерді де шешуге уәде беріп, бақылауға алды.

Бақытжан БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «ЖЕР АМАНАТЫ» КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз азаматтардың өтініштері негізінде тексеру іс-шараларын бастаймыз. Тексеру нәтижелері бойынша егер жер заңнамасымен заң бұзушылық фактілері анықталса, Жер ресурстарын басқару департаменті тиісті қаулылардың күшін жою туралы сотқа талап-арыз береді.

Бүгінде жүздеген алматылық жер алу кезегінде тұр. Партиялықтар облыс аумағынан 220 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтаруды жоспарлап отыр.