Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент: Қытай мен Қазақстан арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту керек

  • AstanaTV
  • 19 мамыр 2023
  • 932

Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде сөз сөйлеп, шаруалар сыртқа шығарылатын дәнді және майлы дақылдардың көлемін арттыруға дайын екенің айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Қазір жаһандық азық-түлік нарығы жиі құбылып тұр. Сондықтан біз осы саладағы ынтымақтастықты нығайта түскеніміз жөн. Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрін көбейтуге мүдделі. Еліміз бидай және ұн өндіретін әлемдегі ең ірі он елдің қатарына кіреді. Жыл сайын 5 миллион тоннадан астам бидай мен 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз",-деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, шаруаларымыз сыртқа шығарылатын дәнді және майлы дақылдардың көлемін арттыруға дайын. Олар экологиялық жағынан таза әрі жоғары сұрыпты ет пен органикалық өнімдерді де көптеп жеткізе алады. Есесіне, бау-бақша өнімдері мен азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуға мүдделіміз. Біз мемлекеттеріміздің аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануымыз керек. Сонда елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтамыз. Бұл қадам бәріміздің мүддемізге сай келеді.

"Осы ретте мен «Қорғас» халықаралық сауда орталығында Бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынамын. Агроөнеркәсіп саласында цифрлық және «жасыл» технологияларды енгізу мәселесіне баса мән берген жөн. Бұл істе қытайлық серіктестеріміздің тәжірибесі мен мүмкіндігі аса қажет",-деді Президент.