Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы «Қорғас» халықаралық сауда орталығында бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынды

Қазақ-қытай шекарасында екінші құрғақ порт салынады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Сианьда өткен «Орталық Азия-Қытай» саммитінде айтты. Ол Орталық Азия мемлекеттерін осы сауда-логистика хабының әлеуетін бірге пайдалануға шақырды. Бұл әсіресе, Қытаймен ортақ шекарасы жоқ мемлекеттер үшін аса маңызды деді. Шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түрікменстан елдерінің президенттері қатысты. Жиында тағы қандай өзекті мәселелер мен уағдаластықтар болды? Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Бас қосуда ең алдымен, тауар айналымының көлемін арттыру мәселесін қозғалды. Президент Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар екенін айтты. Бұл ретте Қазақстан Қытайға шикізатқа жатпайтын 135 түрлі тауар экспорттауға қауқарлы.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас» халықаралық сауда орталығы пандемияға байланысты үш жыл тоқтап тұрды. Өткен айда оның жұмысы қайта жанданды. Біз қытайлық инвестициялық серіктестермен бірлесіп, шекарада екінші құрғақ порт салуды жоспарлап отырмыз. Осы саладағы тәжірибені ескере отырып, бұл портты жаңа талапқа сай жасаймыз.

Президент көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуды тағы бір басым бағыт деп санайды. Оның айтуынша, осыдан он жыл бұрын Астанада Төраға Си Цзиньпин «Бір белдеу – бір жол» мегажобасының тұжырымдамасын жария етті. Содан бері бұл бастаманың тиімділігіне және қажеттігіне бүкіл әлем көз жеткізді. Президенттің айтуынша, өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты да нығайту керек. Бұл сала Орталық Азияның экономикалық дамуына берік тұғыр бола алады. Аймақтағы жобаларға Қытайдың атсалысуы олардың табысты ілгерілеуіне өз септігін тигізері анық.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Бұл жоспарды аймақтағы барлық елдің ерекшелігі мен сұранысын ескере отырып жасаған жөн. Сондай-ақ автокөлік жасау сияқты ғылымға негізделген салалардың келешегі зор.

Сондай-ақ, жиында Презиедент Қазақстан Қытайдың Орталық Азияға қатысты жүргізіп отырған бейбіт сыртқы саясатын құптайтынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көтерген бастамалардың бәрі еліміздің жан-жақты ынтымақтастық пен мызғымас қарым-қатынасты нығайта түсуге ұмтылысын көрсететінін айтты. Сол себепті тиімді серіктестіктің стратегиялық бағдары жалғастыра беру маңызды. Сондай-ақ Президент сөзінің соңында Орталық Азия мен Қытайдың екінші саммитін Қазақстанда өткізуге әзір екенін айтты. Осылайша тараптар екі жылда бір рет кездесуге уағдаласты. Саммиттің келесі отырысы 2025 жылы Қазақстанда өтеді.

Саммит соңында Қытай басшысы Си Цзиньпин Орталық Азия елдерінің дамуына 26 миллиард юань бөлетінін мәлімдеді. Әрі аймақ елдерін Жібек жолы жобасына қатысуға шақырды. Сонымен қатар бірлескен жоғары технологиялық кәсіпорындар мен инновациялық парктер құруды ұсынды.