Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс Қазақстанда 200-ден астам ауыл интернетпен қамтылмаған

Шығыс Қазақстан облысында 363 елдімекенінің 200-ден астамы интернетпен қамтылмаған. «AMANAT» партиясынан құрылған арнайы комиссия ауылдарды аралап, егжей-тегжейлі талдау жасады. «Елдімекендерді интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаның тоқтап қалғаны үшін мамандар жауап беруі тиіс» дейді «AMANAT» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңес Бюросының мүшелері. Компаниялар өз міндеттемелерін 2027 жылға дейін орындауға уәде берді.

Сейтқазы ШЕРУБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ САЯСИ КЕҢЕСІ БЮРОСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мен «AMANAT» партиясының орталық аппараты осы мердігер операторлардан неліктен бағдарламаның тоқтап тұрғанынан жауап алуы керек деп санаймын. 2027 жылға дейін бұл елдімекендерде ешкім қалмайды. Бүгінде интернет арқылы адамдар балаға білім береді. Сондықтан бала қалалықтардан қалыс қалмауы керек.

Партияның сайлауалды бағдарламасына енген тағы бір маңызды мәселе – Зайсан және Тарбағатай аудандарындағы Гидротехникалық құрылыстарды жөндеу. Бөгеттердің салынғанына 40 жылдан асқан, бірақ осыған дейін күрделі жөндеу жүргізілмеген. Олар бұзылса бірнеше елдімекенді су басуы мүмкін дейді партиялықтар. Жақында Экономика министрі Үйдене су қоймасына барып, жобалық-сметалық құжаттамалар мен жөндеу жұмыстарына қаражат бөлді.

Сайрангүл ЖҰМАДІЛОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біздің партиямыздың Зайсан ауданындағы су құрылысына араласуынан кейін жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу басталып, ақша бөлінетін болады. Экология министрінен Тарбағатай ауданындағы бөгетті жөндеу мәселесін күн тәртібіне қоюды сұраймыз.