Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепте ақша жинайтыны туралы шағымдардың жиі келетінін жеткізді. Тіпті кейбіреулер әлеуметтік желідегі жеке парақшасына дауыстап хабарлама да жібереді екен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жеке парақшама күнде хабарлама келеді. «Сіз ақша жинамау керек деп айтып жатырсыз, бірақ кейбір белсенді ата-аналар мен мұғалімдер, сынып жетекшілері директормен бірге бұл мәселеге пысқырып қарамайды» деген шағым түседі. Тіпті дыбыс хабарлама да жібереді. Оны тыңдап отырып, кәдімгідей қатты ұяламын. Хабарламада «Иә, министрліктен ақша жинамасын деген бұйрық бар, бірақ ол бұйрыққа қарамаңдар, біз бәрібір жинаймыз. 5-10 мың теңгені аяйсыңдар ма?» деп оқушыларына дүрсе қоя берген мұғалімнің жазылып қалған сөзі келді. Сонда біз қайда бара жатырмыз?! Неге бізде берілген бұйрықты орындауға қауқар жетпейді?! Сонда біз қандай қоғамды құрып жатырмыз?», - деген министр жемқорлықпен күресуді әр адам өзінен бастауы керектігін жеткізді.
Спикер әсіресе, мектептердегі «өлі жандар», есеп бөліміндегі жемқорлыққа қатысты өзге де былықтарды бірлесе жоюға шақырды.