Танымал тележүргізуші Динара Сәтжан хиджабқа қатысты ойын білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті.
"Өз басым дәстүрлі қазақы исламды қолдаймын. Жұма күні - шелпек. Құран бейіттің басында. Қырқынан шығару және тұсау кесер. Біздің өз мәдениетіміз бен дәстүріміз бар. Кейінгі ұрпаққа жеткізетін тарихымыз бар. Санаулы онжылдықтар, тіпті бірнеше жылдардан кейін қазақ қыздары қара хиджаб киіп жүрсе ше?! Қалайтынымыз сол ма? Сондықтан бұл мәселені көтергім келіп отыр. Себебі блогерлерге хиджаб кию үшін қомақты ақша ұсынылғанын естідім. Бұл мені қорқытады", - деп жазған ол парақшасында.
Желі қолданушылары тележүргізушінің бұл сөзіне түрлі пікір қалдырған.
"Шелпекті әруақтарды бағыштау үшін жасаймыз. Бұл ислам емес, біз мұны исламға дейін істегенбіз", "Дұрыс, басқа салт керек емес, қазақтарда хиджаб болмаған, болмайды да", "Біреуге жала жабу - күнә. Ал шелпек, тұсау кесер - бұл біздің ежелден келе жатқан салт-дәстүріміз, бірақ олардың исламға еш қатысы жоқ. Шатастыруға болмайды", - деп жазған олар.