Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте кәріз суынан биогаз өндіріле бастады

  • AstanaTV
  • 21 мамыр 2023
  • 1264

Шымкентте сарқынды судан биогаз өндіретін цех жұмыс істейді. Бұл Қазақстанда ғана емес, Орта Азияда алғаш рет қолға алынған бірегей жоба, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Шымкенттік мекеме бұл жобаны польшалық мамандармен бірлесіп қолға алған. Поляктар оны қашықтықтан бақылап, шымкенттік әріптестерімен өзара тәжірибе алмасып отырады. "Сарқынды су және қалдықтан биогаз өндіру жобасы Орта Азияда тек Қазақстанда, оның ішінде тек Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатыр. Осы бірегей жобаның нәтижесінде мекемеміз кешенде қолданып отырған электр энергияның 90 пайызын өзімізде өндіріп жатырмыз. Табысты жобаларды жүзеге асырудың арқасында инвестиция тарту ісі қарқынды жүріп жатыр. 2022 жылдың өзінде мекемеге 2,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл қаржы 6 бағыт негізінде жұмсалып, көзделген меже толығымен орындалып келеді. Атап айтқанда, су қабылдағыштар мен сорғыларды жаңалау, құбырларды қайта құру және тағы басқа құрылыс жұмыстары. Европалық қайта құру және даму банкімен алты келісім жасап, несие ретінде 14 жылда 19 млрд теңгеге жуық қаржы алынды. Оның 15 млрд теңгесі игерілген", - дейді кәсіпкер Орман Анарбек.

Айта кетейік, қалалық кәріз суын тазартатын құрылғылар кешенінде тәулігіне 150 мың текше метр кәріз қалдығы мен суы тазартылады. Ал кәріз жүйесінің суынан алынған тұнба қайта өңдеу арқылы алынатын биогаздан негізінде жылына 3,5 млн кВт электр энергиясы өндіріледі. Оның айтуынша, бұл жетістік су шығынын төмендетуге мүмкіндік берді.

"Бүгінгі таңда кәріз суын тазарту құрылғылары кешенінің қуатын тәулігіне 200 мың текше метр суды тазартатын деңгейге жеткіземіз", - дейді мекеме басшысы.

Айта кетейік, Шымкентте су құбыры желілерінің ұзындығы 1900 шақырым, ал кәріз желілері 463 шақырымнан астам. Сала мамандары Шымкенттегі тұтынылған судың мөлшерін, қысымы мен апатты жағдайлардың алдын-алуды қашықтықтан бақылай алады. Бұл осыдан бес жыл бұрын енгізілген геоақпараттық жүйе арқылы іске асады.