Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы әуежайында қауіпті сұйықтық төгілгендіктен, жолаушылар эвакуацияланды

  • AstanaTV
  • 03 қазан 2016
  • 3343

Бүгін таңертең Алматы халықаралық әуежайында құтқарушылар аяғынан тік тұрды. Бұл жолы әдеттегідей жарылғыш зат емес, еденге төгілген сынап жолаушылар арасында дүрбелең туғызды. Тексеру кезінде радиоактивті химиялық затты заңсыз алып өтпек болған азамат анықталған. 150 граммдай сынапты ол кәдуілгі шыны ыдысқа құйып алған. Алайда тексеру кезінде қауіпті сұйықтық сақталған ыдысты урнаға тастай салады. Сол жерде ыдыс сынып ішіндегі зат төгілген. Қауіпті сұйықтықтан тараған бу адам ағзасына кері әсер етеді. Сондықтан әуежай қызметі терминалдағы адамдарды тысқа шығаруға мәжбүр болды.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Оқиға ертеңгі сағат онда Алматы-Тбилиси бағыты бойынша ұшуы тиіс әуе рейсі жолаушыларын тексеру барысында орын алды. Әуежайдың қауіпсіздік қызметі мен төтенше жағдайлар департаменті терминалдағы адамдардың сыртқа шығуын талап еткен. Ұшуға дайындалып отырған жолаушылар да әуежай аумағынан алыстатылған.

Не пускают, ГАИ не пускает. Не знаю, не объяснили.

Оқиғаның мән-жайы көп ұзамай белгілі болды. Кедендік рәсімдеуден өтіп жатқан жолаушылар арасында радиоактивті затты алып ұшпақ болған азамат анықталған. 38 жастағы ер адамның қол жүгінен күмәнданған кеденшілер сканерлік тексеру кезінде оның сөмкесінен құтыға құйылған сұйықтықты көреді. Жіті тексеру барысында шыны ыдыстың ішінен сынапқа ұқсас зат табылған.

Жомарт Нұрбаев, «Жетісу» кеден бекетінің бас маманы:

Кезекті әуе рейсіне құжаттар рәсімдеп жатқанбыз. Ұшақ бортына берілетін қол жүктері тексеріліп жатты. Сол кезде монитордан сөмкенің ішіндегі құтыны байқадым. Ішінде не бар деп едім, иесі компот деп жауап берді. Оны ашып көрсетуді сұрадым. Орамамен қапталған құтыдан сынапқа ұқсас зат шықты.

Сол сәтте жолаушы тұздыққа арналған құтының ішіндегі сұйықтықты жақын жердегі қоқыс жәшігіне төге салған. Осыдан соң айналада дүрбелең туындайды. Кеденшілер дереу құқық қорғау органдарына хабар беріп, жолаушылар мен әуежай қызметкерлері эвакуацияланған.

Серік Мықтыбаев, Алматы халықаралық әуежайының вице-президенті:

Әуежайдың ережесіне сәйкес, жолаушылар мен қызметкерлерді шұғыл сыртқа шығару шарасы жүргізілді. Тиісті құқық қорғау органдарына хабар берілді. Дәл қазіргі уақытта тексеру шаралары аяқталып, әуежай өз жұмысын қайта жалғастырып жатыр. Зардап шеккендер жоқ.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін атқарылған шаралар 2 сағатқа созылған. Осы уақытта барлығы 6 рейстің ұшу кестесіне өзгерістер енгізілді. Олардың үшеуі халықаралық, қалған үшеуі ішкі рейстерді орындайтын ұшақтар болатын. Ал күдікті сол жерде ұсталып, мәселенің мән-жайы анықталғанша, қамауға алынғаны белгілі болды.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Сынап - тұрмыста қолданылатын химиялық элемент. Алайда оны сақтау ережелері бұзылса, адам денсаулығына өте зиян. Тез буланады және адамның жүйке жүйесіне, бүйрек пен өкпеге өте қауіпті, - дейді мамандар. Қоғамдық орында сынапты қасақана төгу - терроризммен тең. Сынапты адамдарға зиян екенін біле тұра, төкті ме?! Бұл жағын қазір құзырлы органдар жіті тексеріп жатыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ