Русский Сайттың толық нұсқасы

Жалған терроризм үшін айыпталған мұғалім Юрий Пак екі жылға сотталды

  • AstanaTV
  • 03 қазан 2016
  • 3227

Қарағандыда жалған терроризм үшін айыпталған физика пәнінің мұғалімі Юрий Пак екі жылға сотталды. Бүгін  Қазыбек би аудандық соты осындай үкім шығарды. Атышулы сот процесіне Юрий Пактің отбасымен бірге, әріптестері мен оқушылары да келіп, оған қолдау көрсетті.

Айжан Қуаш, тілші:

Қарағандыдағы 86-шы мектептің мұғалімі Юрий Пак Қылмыстық кодекстің 273-інші, яғни «Террористік акт туралы көрінеу хабарлау» бабымен айыпталды. Тергеу мәліметіне сай, өткен жылы сәуірде оның ұялы телефонынан "орталық әмбебап дүкенге бомба қойылды" деп хабарлама түскені анықталған. Алайда, мұғалім кінәсізбін деуден танбады.

Жарты жылға созылған сот процесі мұғалімнің мүддесіне шешілмеді. Қазыбек би аудандық соты Юрий Пакті кінәлі деп танып, екі жылға соттады. Жалған қоңыраудың әуресімен біраз шапқылаған төтенше жағдай, полиция мен жедел жәрдем қызметіне келген 100 мың теңгеден астам шығынды да өтеуді жүктеді.

Әлия Жошева, Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының судьясы:

Сот Юрий Пакты қылмыс жасап заң бұзды деп танып, ҚК-тң 273-інші бабына сәйкес екі жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейді.

Сот үкімінен соң Юрий Пак дереу тұтқындалды. Ал істің бұлайша шешілуін күтпеген отбасы мүшелері мен ұстаздар қауымы, оқушылар мен ата-аналар жаппай наразылық танытуда. Олардың пайымынша, 20 жылдық еңбек өтілі бар азамат ұжымында үлгілі, тәрбиелі ұстаз ретінде бағаланып келген. Сондықтан қылмыс жасауы мүмкін емес, дейді.

Юлия Бирюкова, ата-ана:

Біз, ата-аналар, телефон шалған адамның даусының аудиожазбасымен сотта таныстық. Өте сауатсыз. Біздің мұғалім өте білімді, сауатты адам. Дауыстан-ақ аңғаруға болады. Бұл әділетсіздік.

Юрий Пактің кәмелетке толмаған екі баласы бар, ал анасы кеше ғана дүниеден озды. Қорғаушысы Сергей Ким апта басында мұғалімнің кінәсіз екенін дәлелдейтін айғақтар ұсынып, істі жабуды сұраған. Айтуынша, «Қазақтелеком» берген мәліметке сай, Юрий Пактың ұялы телефонынан 102-ге шалынған қоңырау небәрі 6 секундқа созылған, ал дәл осы сәтте кәдімгі телефоннан түскен екінші қоңырау 2 минут 41 секундты құраған. Қорғаушының болжамынша, арнайы қызмет техникалық ақауға байланысты екінші қоңырауды тіркеп үлгермеген, «жалған терроризм» туралы сол қоңырау иесі хабарлаған болуы мүмкін. Апта басында табылған айғақты қорғаушы арнайы эксперимент арқылы тексеріп көруді сұраған еді. Алайда, сот ол ұсынысты қанағаттандырмады.

Сергей Ким, Қарағанды облыстық адвокаттар коллегиясының қорғаушысы:

Мен соттан тергеу экспериментін өткізуді сұрадым. «Қазақтелекомның» ресми айғағын ескермеді. Ешбір заттай айғақ жоқ. Кімнің не үшін істегенін білмеймін. Бірақ айғақтар жойылған.

Айжан Қуаш, тілші:

Бұл Қазақстан тарихындағы «жалған терроризм» бойынша мұғалім айыпталып отырған алғашқы іс. Үлгілі ұстаздың отбасы бір жарым жыл бойы түрлі сараптамалар жасатып, айғақтар жинағанымен, одан еш нәтиже шықпағанына налиды. Енді олар Жоғарғы сотқа шағымданып, Юрий Пактің дауысын тәуелсіз сарапшыларға тексертпекші.