Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарттар күніне орай Астанада мерекелік шара ұйымдастырылды

  • AstanaTV
  • 03 қазан 2016
  • 9832

«Қарттарым- асыл қазынам». Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған "25 игі іс" деп аталатын шара осы тақырып аясында өтті. Бұл «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының бірлескен жобасы.

Мерекелік шараға Елорданың жүзге жуық егде жастағы тұрғындары қатысты. Олар үшін биылғы мерекенің орны ерекше. Қаланың көрікті жерлерін аралаған қарттар физика-математика мектебіне табан тіреді. Ұстаздар қауымы қонақтарды ерекше ықыласпен қарсы алды. Атаулы күнге орай дайындалған бас қосу білім ордасының қоғамдық өмірімен танысумен басталып, мерекелік дастарханға  ұласты.

Қарттарым, ұзақ болсын ғұмырыңыз. Құрмет тұтып, Астананың құшақ жайды бір мектебі!

Арнау айтылып болғасын мерекелік құттықтауларға ұласты. Акцияны ұйымдастырған елордалық жас кәсіпкерлер бұл күннің маңызы мен мәніне тоқталып өтті. Қариялар білім ордасының оқушылары дайындаған шағын концерттік бағдарламаны тамашалады. Өздеріне деген ықылас-пейілге зейнеткерлер алғысын білдірді.

Қажымұрат Нәсиев, қала тұрғыны:

Мұғалімдер де, дәрігерлер де, барлығы осы жерге келіп ризашылығын білдіріп отыр. Үлкен адамдар көңілшек болады. Бала сияқтымыз. Бүгін сондай көңілімізді толқытып, шара ташама өтіп жатыр. Барлығымыздың көңілімізден шықты. Біз ризамыз.

Саят Батпенов, «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының мүшесі, Астана қаласы мәслихатының депутаты:

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай біздің қозғалыс "25 игі іс" акциясын жариялады. Біз бүгін қарттарға арналған шараны ұйымдастырдық. Мынау мектепте концерт жасап, дастархан жайдық. Бұл біздің ардагерлерге көрсеткен құрметіміз.

Мерекелік шара барысында қазыналы қарттарға гүл шоқтары ұсынылды. Айта кетерлігі, қарттар күніне орай өткен бұл акция - 25 игі істің тек біреуі ғана. Ұйымдастырушылар бұл бағытта әлі де бірқатар бастамаларды қолға аламыз деп жоспарлап отыр.