Русский Сайттың толық нұсқасы

“Мұғалім оқушының денесіне қол жүгірткен”, - Алматы облысындағы мектепте сұмдық оқиға болды

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында мектеп мұғалімі 8 сынып оқушысына зорлық көрсетпекші болған. 14 жастағы қызды сыныптастары іздеп, опасыздықтан құтқарып қалыпты. Ал педагог әлі күнге дейін жұмысынан босатылған жоқ,-дейді жасөспірімнің анасы. Бұған мектеп әкімшілігі не айтады? Тілшіміз Әйгерім Пернебек тарқатады.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Оқиға Ават ауылындағы мына орта мектепте болған. 8 сынып оқушы әдеттегідей сабақтан кейін воллейбол секциясына қалған, алайда қосымшаның арты жан түршігерлік оқиғамен аяқталды. Қазір қыз психологиялық жағдайына байланысты мектепке бармай жүр.

Анасының айтуынша, қызы аяқ астынан өзгеріп, тұйық болып кеткен. Қосымшаға да барғысы келмеді дейді. Оның себебін сұрағанда, бар шындықты естіп, есеңгіреп қалғанын айтады. Мұғалімді жақсы танитындықтан, алғашқыда сене алмаған.

София, АТА-АНА:

Мен ол кісімен бірге өстім, бізге көршілес тұрады. Бұл жағдайды естігенде жағамды ұстап, не айтарымды білмедім. Мұғалімдер де таң қалды. Қызым қазір далаға шықпайды, депрессияға ұшырап, сөйлеуден де қалды. Басында ауылда бұл мүмкін емес, кішкентай бала дұрыс түсінбей, ойынан шығарған деген қауесет де тарады, алайда кейін ата-аналар маған хабарласып неге ол әлі күнге дейін мектепте жүр деп хабарласа бастады.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мектепте 13 жыл еңбек еткен. Жасы 53-те. Волейболдан қосымшаға қатысатын оқушыны өз кабинетіне шақырып, есікті жауып опасыздық жасамақшы болған. Алайда оны сыныптастары дауыстап іздеген сәтте мұғалім “мұны екеумізден басқа ешкім білмесін”-деп қызды шығарып жіберген.

Ляззат НҰРМАХАНОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Педагогикалық әдеп комитетінде қарап бұл мәселені тек қана сөгіс жарияладық. Ал мектептен бұл мұғалімді біздер шеттеткен жоқпыз, өйткені қазіргі уақытта бұл мұғалім денсаулығына байланысты жұмысқа келмей жүр. Еңбек кодексінің негізінде 58- бап негізінде жоғары құзыретті органдардан акт болу керек, сол актының негізінде біздер тек қана шектей аламыз.

Мектеп психологі зардап шеккен оқушымен жұмыс барысында қыздың бар шындықты айтқанын аңғарған. Жеткіншек бұған дейін тәрбие жөнінен де, оқу үлгірімі бойынша да тек жақсы жағынан көрінгенін айтады.

Зейнепхан МАМЫРОВА, МЕКТЕП ПСИХОЛОГЫ:

Қызбен бірінші күні жұмыс істегенде өте ауыр жағдайда болды. Жылады, Бала әбден ішінде сақтап депрессияға тап болған. Қазіргі жағдайы сәл де болса жақсарды. Қыз өте сыпайы болатын. Балалар мұндай жағдай туралы өтірік айта алмайтынына сенімдімін. Ал мұғалімді біз барлығымыз бұрыннан танимыз, өз жұмысына ұқыпты кісі болатын, бұл жағдай бәрімізді таң қалдырды.

Бұл жағдайға қатысты полиция іс қозғаған.

Ернар САЙДІЛДИН, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталған дерек ҚР ҚК 124-бабының 2-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша Еңбекшіқазақ ауданының полициясында тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу басталды, қажетті сараптамалар тағайындалды.

Оқушыға жан-жақты психологиялық көмек көрсетілуде. Алматы облысы білім басқармасының мәлімдемесіне сәйкес, денсаулығына байланысты демалыстағы мұғалімді уақытша босату заң бойынша мүмкін емес.