Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ-өзбек шекарасындағы өткізу бекеттерінің жұмысы күшейтілген режимге көшті

  • AstanaTV
  • 24 мамыр 2023
  • 1007

ҚР Үкіметінің тапсырмасымен өткізу пунктеріндегі өткізу қабілетін арттыру және қазақ-өзбек шекарасында жүктер мен көлік құралдарын тасымалдау процесстерін оңтайландыру бойынша шаралар қабылдануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік кірістер комитеті, Шекара қызметі және ҚР Сыртқы істер министрлігінен жасақталған ведомствоаралық жұмыс тобы қазақ-өзбек шекарасына барды. Олар көршілес мемлекеттің уәкілетті мемлекеттік органдарымен жедел жиын өткізді. Мәселесі күрделі аймақтар тізбесі түзілді, сондай-ақ тараптар шекарадағы кептелістер бойынша проблемалы аспектілерді жедел шешу бойынша тиісті кешенді іс-шаралар қабылдады.

Атап айтқанда, көліктер ағымын қайта бөлу жүзеге асырылды (олардың айтарлықтай көлемі реконструкцияланған «Б. Қонысбаев» өткізу пунктіне жолданды), өткізу пунктері күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды, шекара арқылы автокөліктердің өтуі бойынша бақылау операцияларын жылдам жасау үшін кеден бекеттерінің штаты қайта жасақталды. Мемлекеттік кірістер комитетінің Бас диспетчерлік басқармасы жүктерді шығару үшін тәулік бойы жұмыс режиміне көшті.

Қос бағытта жүктер мен көлік құралдарын қабылдауды арттыру және шекарада бақылау операцияларын жылдам жүргізу бойынша көрші тараптың мемлекеттік органдарымен келіссөздер жүргізілді (кеден, шекара және басқа да қызметтер).

«Жұмыс тобы жақын күндері барлық өткізу пунктерінің жұмыс барысын екі тараптан да бақылайтын болады.
Өзбекстанмен шекарадағы өткізу пунктерінің өткізу қабілетін және тауар айналымын арттыру бойынша жұмыс жалғасатын болады», - деп жазды Мемлекеттік кірістер комитетінен.

Еске салсақ, маусымдық кезеңге байланысты, мамыр айынан бастап Қазақстанға Өзбекстаннан жеміс-жидек өнімдерін әкелу дәстүрлі түрде ұлғайған (оның ішінде Ресей Федерациясына тразитпен жөнелтіледі). Бүгінгі таңда, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің 3 кеден бекетімен тәулігіне орта есеппен 900-1000 жүк көлік құралы өткізіледі («Б. Қонысбаев» - 500, «Қазығұрт»-200, «Атамекен»-200, «Қапланбек» (ҚР) және Өзбекстанның жапсарлас кеден бекетіқұрылыс кезеңіне толығымен жабылған).