Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-дағы әрбір төртінші нысанның құрылысы уақытылы бітпейді

Батыс Қазақстан облысының үш ауданында спорт кешендерінің құрылысы үш жылдан бері тоқтап тұр. Ал жоба құны осы уақыт ішінде екі есе қымбаттаған. «сақалды» құрылысқа қашан жан бітеді? Өңірдегі тілшіміз Еркін Карин жауап іздеді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Аудандық спорт кешенінің қазіргі көрінісі осы. Айналасын арамшөп басып, қоршауын тат басқан. Ал мына есікті шандып байлағаны соншалық, ішке кіріп-шығу мүмкін емес. Иесіз қалғасын болар, мынадай тұрмыстық қалдықтардан аяқ алып жүре алмайсыз.

Тасқала ауданындағы 320 орындық спорт кешенінің құрылысы үш жыл бұрын басталған. Жоспар бойынша келер жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ іргетасы құйылып, қабырғасы қаланған соң құрылыс тоқтаған.

Бекжан ТОҚЖАНОВ, ТАСҚАЛА АУДАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

2021 жылдан бастап материалдар күрт қымбаттады. Сонымен қатар жоба бойынша кемшіліктер де болды осы жобаның өзінде. Сол себептен жоба тоқтап қалды.

Бастапқыда 706 миллион теңгеге бағаланған жоба екі есе қымбаттап, 1 миллиард 245 миллион теңгеге жеткен. Бұл аздай, тағы екі аудандағы спорт кешені дәл осылай аяқсыз қалыпты. Шынығатын жер таппаған шенеуніктердің де шыдамы таусылған.

Мұхтар ТАҢАТЖАН, ТАСҚАЛА АУДАНДЫҚ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мұның біткенін бәріміз асыға күтіп жүрміз, бұл спорт кешені бітетін болса біздің дене шынықтыруымыз бен спортымызды дамытуға керемет мүмкіндіктер ашылады. Қазіргі уақытта біздің балаларымыз бұл кешеннің болмауына байланысты мектептің дене шынықтыру сабақтары біткен уақытын күтеді де, кешкілік уақытта барып, дайындықтарын жасап жүр.

Өңірдегі құрылыс саласын талдаған заңгерлердің дерегінше, әрбір төртінші ғимараттың құрылысы уақытылы аяқталмайды: келер жылға қалдырылады немесе мүлдем тоқтап қалады.

Бауыржан ЗӘКИ, ЗАҢГЕР:

Әрбір төртінші объект – 25% құрылыс обьектілерінің бітпеуі деген сөз, ол – катастрофа! Сол бітпегені үшін тиісті дәрігерлік көмекті адамдар ауруханадан алып жатқан жоқ. Мәдениет үйіне барып, өздеріне керекті театрлық сахналық қойылымдарды жұрт тамашалап жатқан жоқ және ең өкініштісі балалар мен кішкентай сәбилер балабақшасына бара алмай жүр. Олар поштада, әкімдіктің ескі ғимаратында, қоймада, әрбір жерде оқып жатыр.

Енді бұл кешенді кімнің салатыны алдағы аптада анықталады. Құрылысқа қажет қосымша ақша шетелдік инвесторлардың облыстың әлеуметтік мұқтажына бөлетін қаржысынан алынады. Бұл жолы да шенеуніктер ғимарат бір жылда салынады деп сендіріп отыр.