Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл Қазақстанда ішкі туристердің саны 9 млн-ға дейін жетуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 26 мамыр 2023
  • 556

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтың төрағалығымен өткен кеңесте туристік маусымға дайындық және курорттық аймақтарды дамытудың проблемалық мәселелері талқыланды.

Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлағандай, пандемиядан кейін елдегі туризм саласы қалпына келді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 1,7 млн адамға артып, 8,6 млн-ға жетті. Биыл ел ішінде демалуға шешім қабылдаған қазақстандықтардың саны 9 млн адамға жетуі мүмкін деп болжануда.

ҚР Мәдениет және спорт министрінің деректеріне сай еліміздегі қонақүйлер саны 4 мыңға жуықтады. Олар бір уақытта 203 мыңнан астам демалушыны қабылдай алады.

Туризм саланың дамуына кедергі келтіретін проблемалық мәселелердің бірі – жолдардың сапасы. Кеңесте Алматы – Өскемен, Астана – Балқаш – Алматы, Қызылорда – Жезқазған автожолдарын жөндеуді тезірек аяқтау қажеттігі айтылды, бұл осы өңірлердің курорттық аймақтарына туристерді көбірек тартуға мүмкіндік береді.

Алакөлдің әуе қатынасы бойынша қолжетімділігін арттыру үшін рейстердің жиілігін көбейтіп, тасымалдауға неғұрлым кең әуе кемелерін тарту тапсырылды. Бұл шаралар ұшақпен саяхаттайтын қазақстандықтардың санын едәуір арттыруы мүмкін.

«Республикада туристерді қызықтыратын көптеген әдемі орындар бар. Мемлекет басшысының ерекше назарын, сондай-ақ халық пен бизнестен түсетін мәселелерді ескере отырып, қызмет көрсету сапасын жақсарту, инвестицияларды ұлғайту қажет. Туризм саласының әлеуеті зор. Оның дамуы жаңа жұмыс орындарын ашады және бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтады», — деді Алтай Көлгінов.

Премьер-министрдің орынбасары барлық теміржол бағытын сапалы жылжымалы құраммен қамтамасыз етуді тапсырды.