Русский Сайттың толық нұсқасы

Жолаушылардың әуе компанияларына қатысты сыны орынды – Әлихан Смайылов

  • AstanaTV
  • 30 мамыр 2023
  • 1053

Әлихан Смайылов үкімет отырысында рейстердің кешігуі немесе мүлдем орындалмай қалуына байланысты шағым көп екенін, сонымен қатар отандық авиакомпанияларға қатысты жолаушылар тарапынан орынды сын-ескертулер айтылатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Премьер-министрдің сөзінше, азаматтық авиация саласында күрмеуі шешілмеген проблемалар да аз емес. Атап айтқанда, еліміздің кейбір әуежайларында ұшу-қону жолақтарына жөндеу жүргізу керек. Траптар мен жанармай құю машиналары сияқты арнайы техникалардың көбі ескірген. Әуежайлардың айналасындағы жерлер тұрғын үй құрылысына немесе бизнес нысандарына беріліп, ретсіз пайдаланылып жатыр.

"Демек халықаралық стандарттар сақталмайды. Бұл ұшу қауіпсіздігіне әсер етеді. Біз үкіметте авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесін бірнеше рет талқыладық. Отандық жанармайдың жеткілікті қоры – Қазақстан арқылы транзитпен өтетін халықаралық авиакомпанияларды тартудың негізгі факторларының бірі. Біз әуе көлігі арқылы жүк тасымалын ұлғайтуға, ұшақтарға қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүдделі болуымыз керек".
Әлихан Смайылов

Сонымен қатар премьер-министрдің айтуынша, отандық авиакомпанияларға қатысты жолаушылар тарапынан орынды сын-ескертулер айтылып жатыр. Мәселен, рейстердің кешігуі немесе мүлдем орындалмай қалуына байланысты шағым көп.

"Өкінішке қарай, авиакомпанияларда жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен. Рейстердің кешігу себептерін уақытылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды. Осыдан барып, баға саясатында да көптеген сұрақтар туындайды. Мысалы, Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу Еуропа, АҚШ немесе Қытай елдеріндегі осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат болуы мүмкін. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі баға саясаты жолаушылардың мүддесіне емес, авиакомпаниялардың табысын арттыру үшін жұмыс істеп отыр деп санайды", - деді үкімет басшысы.

Бүгінде жанармай шығындарын өтеуге жұмсалатын отын алымы логика бойынша авиаотын бағасының өзгеруіне байланысты болуы тиіс. Алайда ол билет бағасында өзгеріссіз, бір деңгейде қалып отыр.

"Сондықтан баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек. Жолаушылардың мүддесі бірінші орында тұруы тиіс", - деді Әлихан Смайылов.