Русский Сайттың толық нұсқасы

Бюджеттік бағдарламаларға бөлінген қаражаттың басым бөлігі игерілмеген

  • AstanaTV
  • 05 қазан 2016
  • 1669

Бюджеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға бөлінген қаражат аймақтарда игерілмей жатыр. Мақсатты жұмсалмаған қаржы көлемі миллиардтап саналады. Үкімет отырысында «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысы туралы есеп берген министрлер теңгелерді тиімді жұмсай алмай отырған өңірлерді атады. Үкімет отырысынан Айгүл Әдепбай.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Жыл аяқталуға жақындаған сайын Үкімет отырыстары қызып барады. Бүгін Алматы, Атырау және Қостанай өңірлерінің әкімдері Үкімет басшысынан сөз естіді. Нұрлы жол бағдарламасына бөлінген бюджет теңгелерін игермегендері үшін. Бізде үнемі осылай,  кей салаға қаржы жеткізе алмай қиналамыз, ал кейбіреулер берген ақшаны ұқсата алмай әлек.

Қостанайда тұрғын үй коммуналды шаруашылығына бөлінген қаржы 19 пайызға игерілсе, Аматы облысы қаржының 22 пайызын ғана кәдеге жаратқан. Әкімдерді сұраққа алған Үкімет басшысының жауапқа көңілі толмады. Бірінші болып сөз естіген Қостанай әкімі.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бойынша 4 млрд  дедіңіз. Мендегі ақпарат бойынша, 19 млрд теңге игерілген. Жыл соңына дейін аз уақыт қалды. Жылу маусымы да басталды. Бұл нысандар жылыту маусымына әсер ете ме, етпей ме деген сұрақ тұрған жоқ. Ақша көрсетілетін қызметтерді жақсарту үшін берілді. Қаржы берілді ме, оны игеру керек.

Сөз алған үш әкім де жыл соңына дейін ақшаны тиынына дейін игереміз деп ант су ішті. Алайда бұған Үкімет басшысы сенбеді.  Атырауға шағын және орта бизнесті қолдауға бюджеттен 692 млн теңге берілген. Бірақ өңірдің кәсіпкерлері мықты ма, әлде әкімдіктегілер салғырт па, миллиондарды игермек түгіл әлі алмаған да Үкіметтен.

Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі: 

692 млн келісімшарттар барлығы жасалған. Жылдың аяғына дейін барлығын толық игереміз.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Бұл жай ғана сөз. Қазір қазан айы басталды. Өзіңізге аударып алғанша, кәсіпкерге берем дегенге, конкурс өткізем дегенше жыл бітеді. Сонда биыл әр сұранысы бар кәсіпорындар шағын және орта бизнес бұл ақшаны пайдалана алмай қалды деген сөз.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 12 млрд теңгенің игерусіз қалу қаупі барын ескертті. 9 млрд теңгенің келісімдері тіркелмеген. Үкімет отырысында белгілі болған тағы бір жайт, Қашағанның қазақстандық үлесі салықтан босатылады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі айтты.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Өнімді бөлу келісімі бойынша, Солтүстік Каспий аймағында Қазақстан өз үлесін заттай алатыны белігілі. Энергетика министрлігінің ұсынысы бойынша Қазақстан үлесін жүзеге асыратын Қашаған аясындағы жобалар салықтан босатылады. Өйткені олар мемлекетке кіріс келтіріп отыр.

Үкімет отырысында ішкі істер саласы бойынша жасалып жатқан қауіпсіздік шаралары да сөз болды. Министрдің айтуынша, далада жасалатын қылмыс 8 пайызға, қоғамдық орындарда 15 пайызға артқан. Астана, Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс және Оңтүстік Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Ведомство жетекшісі сыртқы бейнебақылау камераларының санын арттыру керек дейд. Учаскелік бекеттердің тозып тұрғанын да тілге тиек етті. 2700  полиция бекетінің 1500-і жөндеу көрмеген. Қалмұханбет Қасымов жолдағы қауіпсіздікті де айналып өтпеді. Оның сөзінше, жол апаттарының 70 пайызына жүргізушілер кінәлі. Осы ретте үкімет басшысы қауіпті жол учаскелерін жақсартуды тапсырды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Осы қыркүйек айында оңтүстік Қазақстан облысының жолдарында тек бір учаскеде үш күн ішінде 12 адам қаза тауып, 19-ы жарақаттанды. Егер апаттар жиі орын алса, ондай қауіпті учаскелердің қанша екенін анықтап, оларды жақсарту бойынша ұсыныстар енгізіп, қарау керек.

Ішкі істер министрі Павлодардағы  төбелеске қатысты түсінік берді. Еске салайық, бірер күн бұрын күзет қызметкерлері  дәмхана қонақтарын соққыға жыққан еді.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Павлодардағы жағдай, бірнеше жігіт кафеге кіріп, тамақ жеп, ақшасын төлемей кетіп бара жатқанда, официанттар күзет шақырған. Олар келіп, ана жігіттерді ұстап, ақшасын төлеткеннен кейін арасында бір жағдай болып, төбелесіп, қазір тергеу жүріп жатыр. Оны біткен соң айтамыз.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Яғни тек тамақтың ақшасын төлемегені үшін өлімші етіп сабауға бола ма деген сұраққа Ішкі істер министрі бәрін тергеп, тексеріміз дегенен артық жауап бермеді. Алматы облысындағы үш ағайындының қазасына қатысты да тергеу жалғасып жатыр дегенмен шектелді бас полицей.

Айгүл ӘДЕПБАЙ