Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда мүгедек жандардың қоғамда өзін еркін сезінуіне қолайлы жағдай жасалмаған

  • AstanaTV
  • 05 қазан 2016
  • 2246

Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамда өзін еркін сезінуіне қолайлы жағдай жасалмаған. «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында құрылған қоғамдық бақылау тобы, бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, осыған куә болды. Мәселен, арбаға таңылған Мұрат Байжанов Атырау гуманитарлық колледжінің бірінші қабатына ғана кіре алды. Әрі қарай көтерілуге лифт немесе пандус жоқ. Әжетхана арбадағы жандарға қолайлы етіп өзгертілмеген. Оқу орны басшылығы мұны мүгедек студенттердің жоқтығымен түсіндірді.

Комиссия мүшелері ат басын бұрған №7 қалалық емханада пандус бар, бірақ стандартқа сай емес. Комиссия мүшелері азық-түлік дүкеніне де кірді. Мұндағы пандустың қос қапталында тіреулер жоқтығын ескертті.

Мұрат Байжанов, І топтағы мүгедек:

Дүкендерге әсіресе, пандус жасалғанымен, өтірік жасап қойған, өзің көтерілу мүмкін емес. Көшеде жаяу жүргіншілер жолында бордюрларды аттап өту керек болады, секіру керек болады.

Атырау облысында 14 мыңнан астам мүгедек жан бар. Қалада 7 мыңға тарта кемтар азамат тіркеуде тұр. Олардың 400-ге жуығы арбаға таңылған. «Кедергісіз келешек» жобасының жетекшісі Гүлсина Байкенова кемшіліктер тиісті мекеме басшыларына жеткізіледі, шешілуі партия назарында  болады,- деді.

Гүлсина Байкенова, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракция мүшесі, «Кедергісіз келешек» жобасының жетекшісі:

Бүгінгі шара мүмкіндігі шектеулі жандарға қол жетімділік тұрғысынан проблемалар бар екенін көрсетеді.  Мәселен, көлік қоятын орындар мүгедектерге арналған белгілерге тіпті мән бермейді. Бүгін біз колледжге, емхана мен дүкенге  барып, арбадағы жандардың кейбіріне кіре алмайтынын байқадық. Арбаға танылған жандардың қозғалысын ғана талап етпейміз, есту қабілеті төмен және зағип  жандарды да ұмытпауымыз керек.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ