Русский Сайттың толық нұсқасы

Аягөз қаласының тұрғындары зауыттан шығатын шаңға тұншығып отыр

  • AstanaTV
  • 01 маусым 2023
  • 706

Аягөз қаласының тұрғындары кәсіпорынның ауаға тарататын қалдықтарына тұншығып өмір сүріп жатырмыз дейді. Өндіріс тұрғын үйлер мен бірнеше білім мекемесінің дәл іргесінде орналасқан, деп хабарлайды Aстана теларнасы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

2000 жылдардан бері жұмыс істейтін кәсіпорын мәрмәр тасын үгітіп, жол құрылысына қажет ұнтақ шығарады. Әсіресе, тұрғындар зауыттан шығатын шаң қаланы түнде тұмшалап тастайды дейді.

«Біздің балалардың денсаулығына зиян келтіреді. Мен тура зауыттың алдында тұрған балабақшада жұмыс істеймін. Шаң-тозаңнан көз ашпаймыз. Өзім де осы жердегі үйде тұрамын. Кешке тұнып тұрады. Зауытты қала сыртына көшірсе», – дейді балабақшаның шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Мира Тұрғалиқызы.

Зауыт айналасындағы тұрғындар бау-бақша еге алмайды. Аспанға көтерілген кәсіпорын қалдықтары көшеге, үйлер мен аулаларға қонып, тұрған көліктерді ластайтын көрінеді. Өндіріс орнынан айнала қоршап жапсарлас үйлер орналасқан.

«Демалу деген мүмкін емес. Мына жерде кешкі уақытта, жел болмаған тұнық кезде тұман болып кетеді. Не кір жая алмайды елдер. Мұнда қаншама адам жұмыс істеп, отбасын асырап отыр. Оны білеміз. Бірақ, халықтың да жағдайын ойлау керек қой. Бала-шағаның денсаулығына қандай зиян келіп жатқанын кім білсін! Біз зауытты жауып тастасын-деп отырған жоқпыз. Қала сыртына ауыстырғаны жөн ғой»,- дейді Аягөз қаласының тұрғыны Бауыржан Есенаманов.

Тұрғындар мәселені билік басындағыларға, жауапты мекемелерге айтып та, жазып та шаршадық дейді.

«Экологияға да жазып жатырмыз. Әкімге де, облыс әкіміне де арыздардың бәрін жібердік. Олар да тексереміз- дейді. Бірақ ешқандай нәтиже көріп отырған жоқпыз. Бірдеңе істеу керек қой», – дейді Аягөз қаласының тұрғыны Ғани Бейсебаев.

Ал, зауыттың басшылары қазір өндірісті қала сыртына көшіруге мүмкіндік жоқ деп отыр. Тарап жатқан шаң адамға еш зияны жоқ деп ақталады.

«Зиянды заттар шығарып жатқан жоқпыз. Шаң ғана бар енді. Шаңды кетіруге тырысып жатырмыз. Алдында ақша бөлінбеген болатын аспирацияға. Өзі ескі cүзгілермен істеп тұрған. Қазір де солай. Бірақ енді шаңды азайтып тастадық», - дейді зауыт басшысы Нұрқайыр Смағұлов.

Жақында Экология департаменті кәсіпорында тексеру жүргізген. Нәтижесінде ондағы сүзгілердің тозғандығын анықталды. Оған қоса шығатын қалдықтардың құрамын зертханалық сараптамаға жіберген.

«Нормадан аспауы керек. Соны тексеріп жатырмыз. Егер шектен асатын болса, біз оларға бірнеше айыппұл саламыз. Оған қоса зауытты тоқтату туралы сотқа ұсыныс түсіруіміз мүмкін», – дейді Абай облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Мамай Бұтабаев.

Экологтардың сараптама қортындысы бір аптадан соң белгілі болмақ. Осыған дейін де бірнеше рет тексеру жүргізіліп ақыры нәтижесіз қалғандықтан, тұрғындар құзырлы органдарға да сенуден қалған. Сондықтан қаланың қақ ортасында санитарлық талаптарды бұзып тұрған зауытты қалайда алысқа әкетуді талап етіп отыр.