Русский Сайттың толық нұсқасы

1 шілдеден бастап қандай әлеуметтік төлемдер көбейеді

  • AstanaTV
  • 01 маусым 2023
  • 1241

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағандықова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 1 шілдеден бастап көбейетін әлеуметтік төлемдер туралы айтты.

Назгүл Сағындықова мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтып берді.

«Әлеуметтік кодекс шеңберінде 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мен жәрдемақылардың мөлшері орта есеппен 14,5% - ға ұлғайтылады», – деді Сағындықова.

Вице-министр 2023 жылға арналған республикалық бюджетте мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеуге бөлінген қаражат туралы айтты.

«Жалпы мүгедектігі бойынша жәрдемақыға бюджеттен 379 млрд теңге, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға жәрдемақы мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақыға – 71,7 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыға – 113,8 млрд теңге көзделгенін атап өтті. Жалпы 1 шілдеден бастап төлемдер мөлшерін ұлғайтуға республикалық бюджеттен қосымша 41 млрд теңге бөлінді. Мүгедектігі бар адамдар, оның ішінде балалар көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметімен қамтамасыз етіледі. Жыл сайын мүгедектігі бар адамдарға 400 мыңға жуық тауарлар мен қызметтер ұсынылады. Бұл мақсаттарға жыл сайын 71 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді», – деді Назгүл Сағындықова.