Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысы жеке қожалық иелері түп тереңдету жұмыстары кезінде шаруалардың жайын ескермегендерге өкпелі

Қиғаш өзенінің сағасын тереңдетеміз деп қожалықтардың қамын ұмытты. Атырау облысы жеке қожалық иелері түп тереңдету жұмыстары кезінде шаруалардың жайын ескермеген ақ жағалыларға өкпелі. Айтуларынша, жұмыс барысында ескі өткел бұзылып, шаруашылыққа барар жол үзіліп қалған. Ал жобада жаңа өткел салу мүлдем қарастырылмаған. Бұлай жалғасса, шаруашылықты таратудан басқа амал қалмайды деп шырылдаған шалғайдағы шаруалардың жанайқайын тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы тыңдады.

Қиғаш өзенінің суын көбейтіп, гидрологиялық жағдайын жақсартамыз дегенде алдымен Құрманғазы ауданындағы шаруалар қатты қуанған. Мал шабындыққа, егін суға қарық болады деп алақан соқты. Бірақ тереңдету жұмысы басталғанда қуаныштары су сепкендей басылған.

Якоб ИСМАҒҰЛОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ ИЕСІ:

«Батпақтың» бойында бір де бір көпір жоқ. Мына жақта «Қызылөзек», «Айғара», «Аршын», «Еген» өзектерді де қазады. Онда да да бір де бір жоқ. Сонда 15 шақты шаруашылық өзінің шаруашылығынан бөлініп қалады. Тенхника шығара алмайды. Өздері бара алмайды. Неге десең, тұрба салып мынадай нән өзекке шаруашылықтарыдың әлі келмейді.

Нұрбек САТЫЛҒАНОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ ИЕСІ:

Пішенімізді тасимыз, сүт тасимыз, мал сатамызсол үшін керек, судан өте алмаймыз ертең. Малымыз да шыға алмайды былай қарай. Айтудан кем қалып жатқан жоқпыз, жер жерге жазып жатырмыз.

Бұдан өзге шаруаларды қазылған топырақтың өзен жағасына төсей салатыны қынжылтып отыр. Бұл жайылымды жерге күлдей зиян дейді ашынған шаруалар.

Якоб ИСМАҒҰЛОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ ИЕСІ:

Мына жатқан топырақ өлі топырақ , мынаған 5-10 жыл ештеңе шықпайды. Сона әрбір шаруашылық аршынның бойындағы 15-20 гектар шабындығынан айырылып отыр. Сосын егін егетін жерінен айырып отыр. Бізге су келгеннің пайдасы неде егер мен малыма берілетін шөбімнен айырылсам, егін егетін жерімнен айырылсам.

Жағдайдан аудан әкіміндегілер хабардар. Қиғаш өзенінің түп тереңдету жұмысына жауапты «Павлодар өзен порты» басшылығымен сөйлесіп, тығырықтан шығу жолын қарастырып жатқан көрінеді.

Марат ХАСАНОВ, ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір ұсыныс түсіп тұрғаны 5 өткел қарастыруды сұрап отыр. Себебі жобада қарастырылмаған. Алайда мердігер мекеме өз тарапынан біздің ұсынысымызды қабылдады. Егерде тиісті материалдар болатын болса, олар салып беруге өз ұсыныстарын білдірді көмектесуге.

Алайда бұл мердігер мекеме басшылығының уақытша шығарып салма жауабы ғана сияқты. Жобада қарастырылмағандықтан ештеңе жасай алмаймыз деп алақан жайды.

Мақсат СӘДУАҚАСОВ, «ПАВЛОДАР ӨЗЕН ПОРТЫ» АҚ АОФ БАСШЫСЫ:

5 каналда да жоба бойынша көпір қарастырылмаған. Қазылған топырақты асу да жобада жоқ. Егер топырақты әкету болса, жобаны қымбаттатуға тура келеді. Біз жұмыс жасап жатқан жобаның барлығында да каналдың түбінде болады. Бұл сұрақ тапсырыс берушіге, біз жобада қарастырмаған жұмысты жасауға міндетті емеспіз. Құқымыз жоқ.

Ал тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы өкілі болса, жоба басталмас бұрын ескертпеген тұрғындар мен аудан басшылығы кінәлі деп жауапкершілікті шалғайдағы шаруалардың өздеріне аудара салды.

Айдарбек ЗЕЙНОЛЛАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кезінде жоба сметалық құжат жасақтау барысына алдын ала сараптамадан өткізудің алдын ала жұмыстары кезінде қоғамдық тыңдау өткізілді. Ол кезде жергілікті тұрғындардан да, жергілікті әкімдіктен нақты ұсыныс болмаған соң жобада қарастырылмай қалған.

Айта кетейік, 14,5 миллиард теңгеге Қиғаш өзені мен оның сағасынан 99 шақырым аумаққа түп тереңдету жұмыстары жүргізіп жатыр. Келер жылы көктемде аяқталады. Мердігер мекеме басшылығы жағадағы жұлынған ағаштардың әрқайсысы үшін 10 ағаштан егеміз деп уәде берген. Бірақ қанша ағаштың қазылғанын есептеп жатқан жан жоқ.