Русский Сайттың толық нұсқасы

Тіс емдеу неге қымбат?

Әдетте көбіміз тісімізді күтуге аса мән бермейміз. Ауырса, дәрі ішеміз, одан қалса түрлі халықтық ем жасап, әлек боламыз. Соңында ол тісті жұлдыруға тура келеді. 32 тістің қадірін сол кезде барып түсінеміз. Заманауи құрылғылардың арқасында қазір сау тісіңді қайтаруға мүмкіндік бар. Бірақ оның құны 100 мың емес, 500 мың теңге емес, миллиондаған қаржыға түседі. Ал мұны жүздің бірінің ғана қалтасы көтереді.

Ляззат тіс ауруының азабын аз тартқан жоқ. 30-дан енді асқан шағында астыңғы жағынан толық айырылған. Барлығы сол ауырған тісті емдеуден басталды дейді. Айтуынша, ем алдында салынатын укол етке емес сүйекке кеткен.

Ляззат, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Астыңғы жақ сүйектен айырылған бір себебім , мүмкін стоматологтардың салғырттығынан деп айта алатын шығармын. Себебі азу тісімді емдетуге барған уақытта обезболивающее салғандықтан дұрыс салынбаған ба содан ішіне жаңағы жақ сүйек повреждение болған. Сол себепті ішкі жақ сүйектің ішкі бөлігі іріңдеп кеткен. Оны біз екі жыл уақыт өткеннен кейін ғана өзімнің тістерім түбінен іріңдеп жаңағы қанамай сынбай түсе бастаған уақытта білдік.

Қазір еліміздегі әр 10 адамның 9-ының тісі сау емес. Бірақ бәрінің бірдей тиісті ем-дом алуға шамасы жоқ. Миллиондаған қаржыға тіс салдырмақ түгілі, стоматологияның табалдырығын аттай алмай жүргендер бар.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Қымбат, қымбат қымбат қой. 20-30-40 мыңға дейін айналады ғой барсақ.

- Бәрінің жағдайы келеді деп айта алмаймын.

- Тістің керегі болмай қалды ғой. Көбісінің тісі жоқ қазір. Мен байқаймын.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

32 тістің қадірін аурығанда білесің. Тіс жұлдыру үшін қалтаңызда кемі 7мың болу керек. Ал емдеп, пломбалау 15мың теңгеден басталады. Жұлған жерге тіс салдыру 40 мыңнан кем түспейді. Ал имплант салам десеңіз 80 мыңнан 180 мың теңге аралығында қаражатыңыз болу керек. Бұл - бір ғана тістің құны.

Баға неге аспандап тұр? Жауаптылардың айтар өз уәжі бар.

Аделия ТЛЕУЛИНА, СТОМАТОЛОГ:

Тіске керек шикізаттың барлығы шетелден келеді. Керамика, метал керамика оның барлығы басқа елдерден әкелінеді. Бағасы доллардың құнына тіреледі. Импланттардың өзін қазір Оңтүстік Кореядан, АҚШ-тан, Швейцариядан әкеліп жатырмыз. Сапалы материал сәйкесінше қымбатқа түседі.

Демек, жеке меншік клиникалар бағаны өздері бекітеді. Бағаға сай қызметтің сапалылығын алға тартады. Бірақ, оны бақылап жатқан ешкім жоқ. Егер нақты адамнан шағым болмаса, құзырлылардың өзі тіс емханаларына жолай алмайды.

Бағжан МҰХАМЕТБЕК, ҚР ДСМ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ТАЛДАУ ЖӘНЕ МОНИТОРИНГ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

ҚР Президентінің жарлығына сәйкес мараторий енгізілді ғой бізде шағын және орта кәсіпкерлерге профилактикалық бақылау жүзеге асыруға болмайды және тексерулерді жүзеге асыруға болмайды. Сондықтан шағын және орта кәсіпкерліктер енгізілмейді 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін. Оларға қатысты біз кәсіпкерлік кодексінің 144 бабына сәйкес жоспардан тыс тексеру жүзеге асыра аламыз. Медициналық көмек алған пациенттердің өтініші негіздеме бола алады.

Әлемде тіс ауруымен басын ауыртпайтын елдер бар. Мысалы Жапонияда зейнет жасындағылардың кемі 20 тісі бүтін болады. Өйткені «тіс саулығы - ұлт саулығы» деген арнайы бағдарлама бар. Ал бізде зейнеткерлер былай тұрсын, 30 жасқа дейінгі жастардың тең жартысы - кетік.